Бүгін Рахымжанның туған күні

(0 Votes)

Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев - кейінгі уақытта қазақ әдебиеті классиктерінің қатарын толықтырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтардың иегері, жазушы, драматург.

Ол 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған.

1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген талантты жерлесіміздің әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, «Ленин жолы» газетінде радиотілші еңбек етіп, шығармашылық жолын бастады. Өнердің ордасы Алматыға аттанып, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманағында бөлім меңгерушісі болды. Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Жазушының әр жылдары «Түнгі от», «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Шыңғысханның көз жасы», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары оқырмандарына жол тартты. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанды. Өмірінің соңғы жылдарында «Ақ Жайық kz» әдеби, қоғамдық-саяси журналын ашып, редакторлық жасады.

Ерекше дарын иесінің туған күніне орай орай әдебиет әлеміне қатар қадам басқан үзеңгілес досы, ұзақ жыл Құрманғазы аудандық «Серпер» газетіне жетекшілік еткен ақын-журналист Таңатар Дәрелұлының «Ол болса...» өлеңін оқырмандар назарына ұсынамыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Ол болса...

Ол анық бетперде тақпайды,

Айтқанды құлағы қақпайды.

Халқына бет бұрмай кеткенді,

Тірілей отқа қақтайды.

 

Өз жанын жұқартып егейді,

Сұңқардың сынын кім бөгейді?

Бөлінгенді бөрі емес, өзі жеп,

Бетің бар, жүзің бар демейді.

 

Жалғандық біршама сирейді,

Жағымпаз жолында күйрейді.

Тілінің найзасын өткірлеп,

Жегішті желкеден түйрейді.

 

Суайтты сығымдап сығады,

Әулекі арт қысып бұғады.

Ол болса елім деп ерленіп,

Тажалға тайсалмай шығады.

 

Пәлекет таңдайды уақытты,

Жинауға жауһар мен жаһұтты.

Ол жоқ ғой, көрге өзін салуға,

Тәжітажал сондықтан бақытты.

 

Бастық не, пақыр не, бәрібір,

Жан еді, жалппыңа жаны нұр.

Жиіркеніп кеткенмен жалғаннан,

Байқаңдар, рухы әлі жүр.

 

Ол болса, табар ең тіректі,

Ондай жоқ арыстан жүректі.

Шындықтың жолына тұрдың ба,

"Жарам" деп қабандай гүр етті.

 

Қыңған жоқ әлдекім құйса айып,

Көп иттер үре бер үй сайын.

Әділдік көпшігі басында,

Қалғыды мәңгіге қисайып.

 

Ерекше пенденің бұл түрі,

Дауылсыз өтпеген бір күні.

Сөз- оғы тілгілеп тұр әлі,

Тыйылсын аспанының күркірі.

Ол болса...

Ол жоқ ғой...

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521