Ауданымызда болашақ спорт жұлдыздары жана бастады. Жас спортшыларымыз халықаралық, республикалық сайыстарда жүлделі орындар иеленіп, қуантып жатыр. Күні ертең олар қазақ спортының даңқын асқақтата түседі деген сенімдеміз.
Болашағынан үміт күттіретін сондай жастардың бірі – Мансур Амантай. Балғын боксшымыз 5-10-шы шілде күндері Алматы қаласында өткен, саяси қайраткер, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған республикалық ашық турнирге қатысып, мерейі үстем болды.
Жарыста Қазақстанның барлық аймағынан келген 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер бақ сынады. Барлығы 129 боксшы 14 салмақ дәрежесінде күш сынасып, мықтыны анықтады. Атырау облысынан барған спортшылар 2 алтын және 1 күміс олжалады. Солардың қатарында 70 кг салмақта ауданымыздан Амантай Мансур жарыс жеңімпазы атанып, Абу -Дабиде өтетін Азия чемпионатына жолдама алды. Тағы бір жерлесіміз Елеусін Нұржасар күміс жүлдегер атанды. Аталған балғын боксшылардың жаттықтырушысы Тұрарбек Уахитов. Оның тәрбиелеген шәкірттері жүлдесіз оралып көрген жоқ.
Қанат ҒҰМАРОВ