Азғырда өрт сөндіру бөлімшесі ашылады

(0 Votes)

19 қазан – Құтқарушылар күні. «От пен су – тілсіз жау», десек, солармен арпалысып адам өмірі мен материалдық құндылықтарымызды қорғап қалу үшін бейбіт күнде бастарын қатерге тігетін бұл мамандық иелері қандай құрметке де лайық.

Құтқарушылар күні мерекесіне орай Құрманғазы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахат Ахбалинді сөзге тарттық.

– Өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында ауданымызда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Аудан көлемінде өрт қауіпсіздігін сақтау басты міндеттеріміздің бірі. Биыл жазда Кудряшов ауылында Ресей Федерациясы Астрахан облысының Красный Яр ауданымен бірлескен трансшекаралық өрт сөндіру оқу-жаттығуын өткіздік. Ол жөнінде аудандық басылым кең көлемде ақпарат бергендіктен егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қояйын. Мектептерде, мекемелерде өзіміздің жоспарымызға сәйкес өрт-тактикалық, өрт тапсырмалық жаттығуларын ай сайын ұйымдастырамыз. Одан басқа күнделікті түрде өтетін дайындықтарымыз бар. Біз шұғыл жағдайға әзір болуымыз керек. Себебі, хабар түскен бойда, яғни, дер кезінде қозғалмасақ өрт шыққан жер мен екі ара қашық болса біраз уақытты жоюымыз мүмкін. Қазір Құрманғазы ауданы Төтенше жағдайлар гарнизонында жеке құрамда 58 адам, 4 өрт сөндіру, 2 қосымша автокөлік болса, оның біреуі апаттық құтқару құралымен қамтылған «Пикап Уаз», екіншісі жол талғамайтын қарда, далада қалған адамдарды құтқаруға арналған «Трэкол» автокөлігі. Қазіргі уақытта тұрғындармен, мекемелермен өрт қауіпсіздігін сақтау бағытындағы профилактикалық іс-шаралар жүргізудеміз. Оның барысанда өрт қауіпсіздігін сақтау, алғашқы өрт сөндіру құралдарын қалай пайдалану қажеттігін түсіндіреміз. Инспекторлық және жеке құрам осы жұмыстармен айналысуда. Сонымен қатар, өзіміздің жоспарлы тексеру жұмыстарымыз да жалғасын табуда.

– Биыл қанша өрт оқиғасы орын алды және басты себептері неде?

– Жыл басынан бері бізге 99 хабарлама түссе, соның 14-і өртке байланысты. Қалғаны суға кету, күйіп қалу, рұқсат етілмеген жерде қоқыс жағу, малдың шұңқырға құлап кетуі және тағы басқалары. Жаңа аталған 14 өрттің 9-ы тұрғын үй секторына қатысты. Көбіне оның шығуына тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы, қарапайым қағидаттардың өзін сақтамауы себеп. Мысалы, электр желілерінің тозығы жетуі, қысқаша тұйықталуы, электр құралдарын қыстырып қойып қараусыз қалдыру, қоралардың қасынан өткенде өшпеген темекіні жерге тастай салу.

– Алға қарай қандай жоспарларыңыз, шешімін күткен мәселелеріңіз бар?

– Барлық жағдай жасалған жаңа ғимаратта отырмыз. Материалдық-технкалық базамыз жақсы. Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрудеміз. Соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жұмыс жасауымызға барлық жағдай туғызылуда. Алдағы жоспарларымыз жайлы әңгімелесек, оған қыр өңірінде, Сүйіндікте 2 автокөлікке арналған Азғыр өрт сөндіру бекетін, Бөкейхан ауылында өрт сөндіру бөлімшесін ашу кіреді. Олар келесі жылы пайдалануға беріледі. Сонда өрт орын алған жағдайда тез жетуге мүмкіндік туады. Жалпы бір өрт сөндіру бекетінің қамтитын аумағы бес шақырымнан аспауы тиіс. Алайда, біз соған қарамастан қай жерден хабар түссе сонда шығып жүрміз. Сөз соңында кәсіби мерекемізбен барша әріптестерімді құттықтап, отбастарына амандық, денсаулық, жемісті еңбек тілеймін.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT