Азғырда спорттық шаралар ұйымдастырылды

(0 Votes)

Азғыр ауылдық округінде Ұлы Отан соғысынан оралмағандар ескерткіші алдында құрметті қарауыл тұрғызылып, барлық майдангерлердің рухына Құран бағышталды.

Ауыл үлкендеріне арналып, ас берілді. Аталған ескерткішке гүл шоқтары қойылған соң, мерекелік салтанатты шарада округ әкімі Жасұлан Жаманқұлов тыл еңбеккерлерін, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, өшпес ерлік пен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың алдында кейінгі буынның мәңгілік қарыздар екеніне тоқталды. Ауқымды деңгейде шара өткізуге демеушілік көрсеткен мекеме, ұжым басшыларына, шаруа қожалықтары иелері мен жеке кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Ауыл үлкендері мен жастары арасында шахматтан жарыс өтіп, І орынды У.Сейітжанов, ІІ және ІІІ орынды Ж.Жәбелов пен Е.Қасымжанов иеленді. 24 шақырымдық Аламан бәйгеде мәре сызығын бірінші болып А.Шәпеновтің «Қараша» атты тұлпары қиды. ІІ және ІІІ орындар М.Иманғалиевтің «Айтұмар», З. Асқардың «Черныш» есімді аттарына бұйырды.

8 шақырымдық жорға жарыста А.Ғариполлаев пен Б.Мырзағалиевтің аттары І және ІІ орындарға тағайындалған қаржылай байрақтарды алып, еңбектері ақталды.

Сонымен қатар, қой, лақ, кір тасын көтеру, түйе палуан, қашықтыққа жүгіру, аударыспақ, сырыққа өрмелеу сайыстарына қатысқандар да сый-сияпаттан құр қалмады. Ат жарысы мен спорттық ойындарға ауданымыздан және көршілес Ресей Федерациясынан арнайы келіп қатысып, бақтарын сынағандар болды. Мерекеде балалар да назардан тыс қалмады. Олар жалданып алынған батуттарда екі күн бойы тегін ойнап, мол қызыққа кенелді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT