«Қазақ тарихындағы 30 ана»

(0 Votes)

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздікке тартуым» атты аудан мектептері арасында өткізіліп жатқан эстафетаны Абай жалпы орта мектебі қабылдап алып, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақ тарихындағы 30 ана» тақырыбымен шара өткізді.

Мақсаты - қазақ тарихында елеулі орын алатын, ел өмірінің сынға түскен күрделі кезеңінде үлкен көрегенділік танытып, саясаткер ретінде танылған тұлғалар туралы мәлімет беру, Тәуелсіздік жылдарында жемісті еңбек еткен қазақ әйел-аналарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Шарада халық жадында сақталып қалған Ұмай ана, Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Айпара ,Айша бибі тәрізді ханшалардың, Абайдай дананы тәрбиелеген зерек ойлы Зере әженің, ұлағатты Ұлжан ананың, қайсар батыр қыздарымыз мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова және қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың, Желтоқсан ызғарына ұшыраған Ләззат, Сабира сынды қаһарман қыздарымыздың есімдері ұлығыланды.

Абай атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары «Аналарға арнау» өлеңін, «Мәңгілік бала бейне» шығармасынан Ләйләнің монологын «Өнеге»аналар кеңесінің төрайымы Самал Утебаева оқыды.

Бұдан кейін Тәуелсіздік жылдарында ел басқару ісінде ерлермен бірге ат тізгінін ұстап, ел басқарған аналардың, заң, қаржы, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт, медицина, сауда, байланыс салаларында еңбек еткен әйел-қыздардың, ауыл мектептерінде білім саласында қызмет еткен директорлар мен ардагер-ұстаздардың есімдері зор құрметпен аталып, сахна төріне шақырылды.

Аудан өнерпаздары Раушан Сәрсенова, Заря Қуанышқызы, Құрманғазы ауылдық округі жанындағы «Ақтілек» әжелер ансамблі, Абай атындағы орта мектебінің жас аналар мектебінің мүшесі Алмазия Жахина өз өнерлерін ортаға салды.

Мектеп директоры Жамал Хасанова тәуелсіздік жылдарында есімдері тарихта қалған аналарымызды ұлықтауға арналған тәрбиелік шараны қорытындылап, «Тәуелсіздікке тартуым» атты аудан мектептері арасында өткізіліп жатырған эстафетаның кезегін З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатына жолдады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521