«Қазақстанның жұлдызды емшісі»

(1 Vote)

Қарабаев Мұрадым Ғайсаұлы 1979 жылдың 2 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Тау ауылында Қарабаев Ғайса Ізтілеуұлы мен Қарабаева Ләтипа Өтегенқызының отбасында екі ұл мен үш қыздың екінші ұлы болып дүниеге келеді.

Қаршадайынан бір ауылда тұратын Ізтілеу атасының ағасы Жұмәлі атасының (1904 жылы туған) қолында 7 жасқа дейін болады. Бала кезінде әкесі екеуіне Жұмәлі атасының айтқан өсиеті бар: «Біздің ата-тегіміз Нарын құмынан тараған, сол жердегі Сәт деген үлкен қасиет иесі аталарың бізге ағайын болып келеді, руымыз Беріштің Жайығы, оның Құттығайы». Бала кезінде Жұмәлі атасының жаман аурумен сырқаттанған бір адамды ұшықтап, емдегенін өз көзі көреді, артынша ол дым болмағандай сауығып кетеді. Әкесі Ғайса көлік жүргізушісі, әрі Кеңес заманында өмір сүргендіктен кісі емдеуге қорыққан. Қатты науқастанған бір-екі адамды тығылып емдеп жазғанымен, емшілікпен ашықтан-ашық шұғылданбаған.

1986 жылы 82 жасында Жұмәлі ата дүниеден озады. Сонан соң Ғайса әкесінің қолында болып 1986 жылы Тау ауылындағы он жылдық мектепке бірінші сыныпқа қабылданады. Мектепте оқып жүріп көптеген тылсым оқиғаларды бастан кешіреді.

2004 жылы наурыз айының 27-і күні әкесі Ғайса дүниеден озар сәтте Жұмәлі атасының аманатын батасымен бірге беріп кетеді. Нақтырақ айтсақ, Мұрадымды қасиетті ата 5 жасынан таңдап алған. Әкесі соңғы демі шығар алдында: «Балам, қасиетім саған аманат!»-деп көзін жұмған екен. «Сол уақыттан бастап 6 ай қиналып ауырдым, ұйықтай алмай, түсіме аян берді. Жұмыс істей алмай, төсек тартқан күндерім де кездесті. Содан бір күні таңертең тұрғанымда жеті сүрені білетін болдым»,-дейді естелігінде Мұрадымның өзі.

Алғаш рет Астана қаласында өзінің екі досын емдеп, аяғынан тұрғызады. Олар дертінен айыққаннан кейін де бойында қасиетін үш үш жылдай елемей жүреді. Кейіннен аруақтар жиі мазалап, түсіне ене берген соң өзіне деген сенімі нығаяды. 2011 жылы Қазақстан Халық Емшілері Республикалық Қауымдастығының Президенті Бауыржан Нұржановтың қолынан құжат алып, заңды түрде тіркеліп, емшілік жұмысын бастайды.

2012 жылы Ақтау қаласында ҚР кәсіби халық емшілерінің республикалық Аттестаттауына қатысып, ҚР халық және рухани емшілері қатарына ресми тіркелгендігі туралы №210 сертификат және №458 «Кәсіби халық емшілерінің республикалық Қауымдастығының толық мүшесі» куәлігі беріледі. Кәсіби халық емшілері республикалық Қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің Президенті Б.Нұржановтың №10 бұйрығымен аталмыш Қауымдастықтың Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы филиалының директоры болып тағайындалғандығы туралы №11 куәлік беріледі.

2012 жылы Денсаулық сақтау ісіндегі үздік еңбегі үшін ҚР «Құрметті кәсіби халық емшісі» медалімен марапатталады. 2012 жылы наурыз айында Ақтөбе қаласында өткен республикалық семинарда халық емшілеріне қойылатын барлық талаптардан өте жоғары деңгейде көрініп республикалық Қауымдастықтың президенті Б.Ә. Нұржановтың қолынан «Қазақстанның жұлдызды емшісі» жоғары дәрежелі орденімен марапатталады.

2012 жылы қыркүйек айында Павлодар қаласында өткен кәсіби халық емшілерінің республикалық семинарында оған «Танымал тәуіп» куәлігі табыс етіледі. 2013 жылы ҚХЕРА ҚБ президенті Б.Ә.Нұржанов «Құрмет грамотасымен» марапаттайды.

Бертінгі уақытта «Аялы алақан» жоғары дәрежедегі алтын медалімен марапатталады. 2016 жылы ҚР «Қасиет» халық емшілері мекемесінің директоры А.Е. Еңсебаевтан «Алғыс хат» алса, 2018 жылы Құрмет грамотамен марапатталады. 2017 жылы «Мәскеудегі» Ресей Психология Академиясының президенті Р.Р.Симбатуллин «Өз ісіне адалдығы үшін» («За преданность профессии») дипломымен марапаттайды. 2020 жылы Алматы қаласындағы Қоғамдық сауықтыру басқармасына қарасты «Жоғары медициналық колледжді» тәмамдайды.

Алтын ине салудың Қытайлық, Тибеттік тәсілін шебер меңгергендігі дәлелденген тәуіп-емші. Бірнеше мың сырқаттарға шипасы дарыған. Біраз жылдардан бері отбасымен Еңбекші ауылдық округінде тұрады.

Т.Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521