Қазақстандық дәрігерлерге сақтық жетіспейді – Ресей денсаулық сақтау вице-министрі

(0 Votes)

Қазақстандық дәрігерлерге коронавирусқа қатысты сақтық жетіспейді.

Ресей денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев Нұр-Сұлтанның бірнеше медициналық мекемесін аралағаннан кейін осындай тұжырымға келді. Ресей денсаулық сақтау вице-министрі түске дейін бірінші қалалық аурухананың екі филиалында, тоғызыншы емхана мен елорданың жедел жәрдем станциясында болды.

"Мен көргеннің бәрі дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Дәрігерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген, ұйымдастыру логистикасы да дұрыс жолға қойылған. Жұмыстан анау айтқандай қателік көрмедім, алайда медицина қызметкерлері онша сақтық танытпайтынын байқадым. Дәрігерлердің ауырғаны қиын. Дәрігерлерді қорғаныс костюмдері ғана емес, ең алдымен олардың сақтық шаралары қорғауы тиіс. Вирус көрінбейді, бірақ ол бар", - деді Олег Гриднев Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Сондай-ақ ресейлік шенеунік Қазақстанда 5 шілдеден бастап карантин енгізу дұрыс шешім болғанын айтты. Гридневтің пікірінше, бұл шектеулер медициналық мекемелерге түсетін науқастардың санын азайтады.

"Адамдардың дүрлігіп жатқаны өте өкінішті. Бұл карантин шаралары жағдайды жақсартуға көмектеседі. Себебі вирустың таралуын әлеуметтік қашықтық пен шектеулерсіз тоқтату өте қиын. Медициналық мекемелерге түсетін пациенттердің санын барынша азайтуға тырысу керек. Қазір Қазақстанда енгізілген шектеулер өте орынды", - деп жалғастырды вице-министр.

Олег Гриднев келген дәрігерлердің бәрі Мәскеу облысының ауруханаларында, федералды орталықтар мен Роспотребнадзорда жұмыс істейтінін мәлімдеді.

"Дәрігерлер Қазақстанның басқа өңірлерінде жұмыс істеуі мүмкін, олар денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы жүктейтін міндеттерді орындайды", - деп толықтырды Олег Гриднев.

Айта кетейік, 6 шілдеде Ресейден арнайы рейспен 32 адамнан тұратын дәрігерлер делегациясы келді. Олардың арасында реабилитологтар, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, пульмонологтар мен эпидемиологтар бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521