Қазаққа келін болған Виктория

(7 Votes)

Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері ашық аспан астында ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір кешуде.

Алғыс айту күні барша отандастарымыз қайырлы істерге үлес қосып, бір-біріне рахметін айтып, жақсы ниетін білдіреді. Бірегейлігіміздің басты нышаны – достығымыз бен бірлігіміз мәңгі болсын! Біз неміс ұлтының өкілі, Ақкөл жалпы орта мектебінің мұғалімі, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы Виктория Халменованы әңгімеге тартып, осы күннің өзі үшін қандай маңызы барын сұраған едік.

-1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда қуғын-сүргінге ұшыраған атам Розенов Андрей Егорұлы, әжем Юстус Эмма Александрқызы Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылына келіп қоныстанған. Атам 14 жасында анасымен, іні-қарындастарымен бірге келсе, әжем 18 жасында жалғыз өзі қазақ жеріне аяқ басып жетім қалған. Сол ауылда еңбек етіп, 1949 жылы атам екеуі отау құрған. Ал өзімнің әкем Валерий Райхан есімді қазақ қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Дүниеге 3 қыз, 1 ұл әкелген. Мен үйдің тұңғышымын.  Екі күйеу балам да, келінім де қазақ ұлтынан. Сөйтіп, бір кездері өзімізді бауырына басқан ұлтпен мыңжылдық құда болып, ажырамас туысқа айналдық. Өзім де 19 жасымда Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылына Ұлы Отан соғысының ардагері Ибн Халменовтың шаңырағына келін атандым. Қайын атам – қазақ, үлкен енемнің ұлты – татар. Абысынымның ұлты – орыс, келінім – украин, өзім – неміс, яғни «интернационал отбасында» біз бәріміз тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Ата-енемнің тәлім-тәрбиесін, өнегесін алдым. Әулетте қазақтың барлық салт-дәстүріне берікпін. Өзім мұсылман дінін қабылдадым, оған әкем ешқандай қарсылық танытқан жоқ. Оқушы кезімде домбыра сыныбын бітіріп, кейін хоббиіме айналдырдым. Қазіргі таңда Ақкөл жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімімін. Жолдасым Руслан Халменов екеуміз 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырмыз. 

- Виктория Валерийқызы, Алғыс айту күні сіз үшін нені білдіреді? Осындай күнді белгілеудің қаншалықты қажеттілігі бар деп ойлайсыз?

- Біз бір-бірімізге деген құрметімізді күнде айтып, тату көршілігі мен сенімді жолдастығы үшін бір-бірімізге күнде разылығымызды білдіруіміз керек. Бірақ күнде қайталайтын болсақ, бұл асыл дүниемізді аяқасты етіп аламыз. Сондықтан, бір күннің белгіленгені дұрыс деп санаймын. Мен ең алдымен қиын-қыстау кезеңдерде ата-әжемді құшақ жая қарсы алып, қамқорлаған дархан көңіл қазақ халқына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Жатты жатсынбай, бауырына тартқан қазақтың қонақжайлылығын естен шығарған емеспіз. Пейілі кең қазақтың жерінде туып, өсіп, оның бір шаңырағының түтінін түтетіп отырғаныма ризамын.     

-Әңгімеңізге рахмет!

А.Шакупова      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521