Азғырда кезінде егін де өскен

Рейтинг: 0 / 5

Жұмыс барысымен Азғырға жол түскенде бірге жүрген кейбір адамдар қыр өңірі оның тарихи орындары жайлы жиі сұрайды.

Оған жетік болмағаныммен білгенімше жеткіземін. Кезінде Азғырда жайқалып егін өскенінен бейхабар адамдар көп. Ойлап қарасам өзім де солардың қатарында екенмін. Қара бидай еккенінен ғана хабардармын. Американы ашқандай болып отырғаным жоқ, дегенмен егін жайлы білгенімді оқырманмен бөліскенім дұрыс деп санадым. Жастар арасынан сенбейтіндер табылар. «Халық суды құдықтан алады. Қояндының суы да кейде ащы болады екен. Сонда егін қалай шығады?», деп отырғандар болар.

Азғыр өңірін зерттеуге бар ғұмырын сарп еткен, оны ең көп шарлағандардың, мәселелерін облыстық, республикалық деңгейде өткір көтере білгендердің бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі, отызға жуық кітаптардың авторы, публицист, 40 жылдай уақыт облыстық «Атырау» газетінің Құрманғазы мен Исатай аудандарында меншікті тілшісі болған Рахмет Иманғалиев ағамыз. Журналистика саласының ардагерімен көзі тірісінде жақсы сыйлас, сұхбаттас болғаным бар. Жаңа кітабы шықса ағамыз міндетті түрде телефон соғып үйіне шақырады. Қуанышына ортақтасамын. Қолтаңбасымен біреуін маған беретін. Оны кейде аяқ астынан өлеңмен де жаза салатын. Сыртына білдірмесе де қария келгеніме бір марқайып қалғандай көрінетін. Кітап шығару деген оңай дүние емес. Мұның артында қаншама еңбек жатыр. Көзі тірісінде: «Өмірден өтсем, басқаны білмеймін, мен туралы сен жазасың», деп отыратын. Ағамыз шығарған әр кітаптың кейінгі ұрпаққа берер ұлағаты мол, тұнып тұрған туған жердің шежіресі. Әсіресе, «Нарын шежіре» жинағында қыр өңірінің тарихы түгел қамтылған. Осының ішінен бізге керегі егін! Енді Азғыр туралы әңгімеміздің негізгі желісінен ауытқымай, қырда оны қалай өсіргеніне көшейік. Тарихи орындарға сәл кейінірек, төменде тоқталамыз. Жоғарыда аталған жинақтың 4-ші кітабы «Азғырдың ақиқатында» Р.Иманғалиев осы өңірдің тұрғыны, майдангер Ғайнеден Салықовтың мынандай әңгімесін келтіреді.

«Майданда алған аз-кем жарақатым болған, оны кезінде емдеп жазып берді ғой. Менің бар тіршілігім осы Азғыр жеріндегі егіншілік кәсібімен өтті деуіме болады. Қазір кейбіреулер Азғырда егін жайқалып, халықтың ішіп-жемі мол болды дегенге сенбейтін шығар. 1945-1947 жылдарда осы жердегі «Тегісшіл» колхозында, одан 1957-1970 жылдарда «Балқұдық» совхозында егінде бригадир болып істедім. Содан жас ұлғайды. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Балқұдық орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі қызметін атқардым. Өткен тіршілігіміз күні кешегідей көз алдымда.

Cоғыстан кейін-ақ Азғыр даласында егіншілік кәсібі едәуір өрістетілді. Ол кезде қар қалың түседі, көлтабандарда ылғал мол болады. Оның үстіне жауын-шашын да жиі қайталайтын. Соларды пайдаланып тары, арпа, ақ бидайды 900 гектарға дейін егіп жүрдік. Халықтың нәсібіне қарай егін бітік шығады. Жүгері мен қарбыз да егіп өсірдік. Тары мен арпаны еккенде тұқым жерге себілгеннен кейін оны топыраққа араластыратын тырма болмайды. Колхозда жоқ нәрсені қайдан табасың. Содан тұқым себілетін жерге бір топ қойды әрлі-берлі айдататын едім. Біреулер оған қарсылық та білдіріп жүрді. Бірақ жұмысым өз нәтижесін береді. Топырақ астында қалған дән тереңге тамырланып, қатты желде құламай жақсы өседі. Ал, бірте-бірте көлтабандарға егілген қарбыз бен қауынның есебі болмайтын дәрежеге де жеткенбіз. Асқабаққа таласатындар да болған. Ауылымыз сондай еңбектің арқасында әлденіп, ауқаттанып кетті ғой. Оны бүгінгілер қайдан білсін. Бірден тамаша жағдайға жете қалғанымыз жоқ. Азғыр ауылында да осындай тіршілік болғанын ұмытпаған жөн», дейді қыр өңірінің шежірешісі, майдангер ақсақал Ғ.Салықов автормен кездесуінде.

Міне, кезінде бұл өлкеде жайқалып егін де өскенін білдік. Әрине, Одақ тұсында өнім өткізуге мүмкіндік мол болғандықтан оны 300 шақырымдық ауыр жолмен аудан орталығына тасымай, іргедегі Харабайлыға апарған шығар деп шамалаймын. Себебі, қыр өңіріне бір сапарымда ауыл тұрғыны Кеңес заманында аталған қалаға мал өткізуге барғанда басынан өткен қызық жағдайды әңгімелеген. Бүгінде Азғырда жайқалтып егін егуге ол жаққа жол салып, ауыз сумен толық қамтығанда, Кедендік, Еуразиялық одақтар мүшесі ретінде іргелес Ресеймен арадағы шекарадан өту жолға қойылып, Одақ кезінде басталып, аяқталмай қалған канал құрылысы жанданғанда ғана мүмкін болады деп ойлаймыз. Сонда қыр өңірінде жаңа кәсіп көзі ашылады. Бір округте егін өсірілсе қалған екеуі арзан, сапалы, дәрумені мол азық-түлікпен қамтылар еді-ау. Осыны жоғары жақтарда қолға алса ғой дейсің. Әзірге мұны арман күйінде қалдырайық. Десек те, кезінде Азғырға газ апару да мүмкін еместей көрінген. Армандар бір күні орындалады...

Қ.Ғұмаров

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика