Азғырда да жағдай қалыпты

(0 Votes)

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Азғыр өңіріндегі округ тұрғындары елімізде жарияланған төтенше жағдайға қалай төтеп беріп жатыр деген сұрақпен Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшармен телефон арқылы байланысқанда жағдайдың қалыпты екенін айтты.

Аудан әкімі жанынан құрылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын өсірмеу жөніндегі штабпен жиі байланысқа шығып, күнделікті азық-түлік бағаларының мониторингін және олардың қолда бар қорын мәлімдеп отыратынын жеткізді.

- Ауыл тұрғындарына қажетті азық-түлік пен тауарларды жеке кәсіпкерлер Табиғат Исағалиев, Гүлбәну Лалиева іргелес Батыс Қазақстан облысынан әкелсе, ал Анаргүл Көшекенова, Өмірбек Шәкібалиев, Гүлфайруз Жұманова, Тұрсынай Арыстанова, Оңайбек Жағыпаров, Қарлығаш Диарова, Салтанат Зинетуллиналар Атырау қаласы мен аудан орталығынан тасып, өздерінің сауда нүктелерінен өткізеді. Бізде 50 келілік ұн 9500-10000 теңге аралығында, макарон өнімдерінің келісі - 300, күріш - 300, картоп, пияз, сәбіз 180 теңгеден. Өсімдік майының 1 литрі - 360, қанттың келісі 300, пастерленген сүттің 1 литрі 300, сары май 250, жұмыртқаның әр данасы 40 теңгеден, тұздың келісі 100 теңгеден саудалануда. Азық-түліктің апталық қорын қадағалап, аудандық штабқа хабарлап отырамыз, - деген ауыл басшысы ет өнімдерімен жергілікті шаруа қожалықтары қолжетімді бағамен қамтамасыз ететінін хабарлады.

Азғыр ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Әліпбаев берген мәліметті сөйлетсек, оларда жоғары сортты бидай ұнының 50 келілігі 10650, 25 келілігі 6000, нанның бағасы 140 теңгеден екен. Макарон өнімі 250, күріш 355, қант 290, құс еті 1100, пастерленген сүт 310, картоп 180, пияз бен сәбіз 160, қырыққабат 180, өсімдік майы 560, тауықтың жұмыртқасы 37 теңгеден тұрғындар дастарханына жетуде. Балқұдықтың басында бес дүкен тұрақты жұмыс жасайды, кәсіпкерлер қажетті азық-түлікті аудан, облыс орталығынан тасиды. Мұнда да баға бақыланып, қордың сарқылмауы қадағаланады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521