Азғыр да өркениет игілігінен тыс қалмайды

(0 Votes)

ХХІ ғасырдың жетістігі туралы сөз қозғағанда алдымен: «Ғылым мен техниканың дамығаны сонша қазір интернет пен ұялы байланыссыз өмірді көзге елестете алмаймыз» деріңіз анық.

Ол рас. Игілігін көріп те жатырмыз. Бірақ, онымен әлі де толық қамтыла қоймаған ауылдар бар. Айталық Азғыр өңіріне ұялы байланыс пен жылдамдығы жоғары интернет жүйесін тарту көптен бері айтылып, таусылмас жырға айналып келе жатқан мәселе еді. Енді, қолға алынып жатыр. Мұнда облыс, аудан басшыларының, түрлі жиындарда көтеріп жүрген Азғыр өңірінің белсенді азаматтарының еңбегі зор. Сең қозғалғанымен қазіргі жағдайға байланысты тоқтап қалмаса дейміз. Жаңа айтқанымыздай Азғырға апаратын 300 шақырымдық ауыр жолдың бірде-бір жерінен ұялы телефон ұстамайды. Қысқы аязда қарға, жазғы аптапта құмға батып далада қалсаңыз ешкімге хабарласа алмайсың. Аудан орталығынан біраз ұзаған соң-ақ бірден ХХ ғасырға топ ете түсесің. Қолыңдағы ұялы телефон ойыншық сияқты көрінеді. Байланыс Сүйіндік пен Балқұдық ауылдарына келгеннен кейін ғана іске қосылады, бірақ әлеуметтік желіге кірмейді. Қыр бойында интернет желісі тек мемлекеттік мекемелерде ғана бар екен. Оның жылдамдығына көңілің толмайды. Осыдан бір-екі жыл бұрын облыс басшысы ауданымызға келгенде сапарлас болып, кешке Сүйіндік ауылдық округінен газетке хабар жібере қояйын дегенмін. Округ әкімі Қанат Құлшар келісті. Әлеуметтік желі тек бір компьютерде екен, соны босатып берді. Отырдым да жаза бастадым. Мұнда интернеттің қалай жұмыс жасайтынына сонда көзім жеткен. Жіберген материалың қапелімде жүктелмей, жүйкеңді жұқартады екен.

«Ауданға мәліметтер жібергенде де көретін күніміз осы. Жылдамдығы жай болғандықтан дер кезінде кетпей қиындық көреміз», деген еді округ маманы. Асанда ұялы байланыс деген мүлдем жоқ. Интернет мұнда да тек әлеуметтік мекемелерде. Биыл індетке байланысты мектептер қашықтан оқытуға көшкенде қыр бойындағы округтер мектеп мұғалімдерінің тапсырмасын жинап алып, оларды оқушыларға жеткізетін адам бөлген. Себебі оқытуды онлайн өткізу мүмкін емес. Күзде де осы жағдай жалғасса Асан мен Үштағанда балалар қалай оқиды? Індет тоқталмай тұрған кезде бұл білім сапасына да әсер етері анық. Осыны Азғыр өңірінде жылдамдығы жоғары интернет желісін тартып жатқан мекемелер қаперіне алса дейміз.

Қолымыздағы Азғыр бойынан келген мәліметтерді сөйлетсек «Жол картасының» бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында «Қазақтелеком» АҚ филиалы Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы Батыс Қазақстан облысының Сайқын ауылынан Атырау облысының Балқұдық ауылына дейін 185 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізген. Осы жылдың аяғына дейін Азғыр, Қоңыртерек елді мекендеріне радиорелелік байланыс желілерін салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Балқұдық ауылында бұрыннан телефон тартылған, сымдары интернет желісіне сәйкес келетін 27 ауыл тұрғыны өз өтініштері бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Күні бүгін ауыл ішіндегі телефон сымдары тартылған соқалар жөнделу үстінде. Бұған дейін телефон тартылмаған үйлердің тізімі жасақталуда. Тұрғындардың тарапынан берілген өтініштерге сәйкес телефон сымын тартып, интернет желісіне қосу көзделуде. Бұдан басқа Балқұдық ауылының тұрғындары ұялы телефон арқылы мобильді интернет желісін пайдалануда.

Сүйіндік ауылдық округі бойынша қазіргі уақытта интернет желісі 49 үйге қосылған екен. Алға қарай олардың қатары көбейе түспек. Енді Асан мен Үштаған ауылдарында да осындай жұмыстар жанданса биыл оқу жылы мұндағы оқытушылар мен оқушыларға зор игілік сыйлары анық. Қыр бойына газ барды, ауыз су да тартылып жатыр, енді жылдамдығы жоғары интернетпен, ұялы байланыспен түгел қамтылып, жолы түзелсе біраз мәселе шешіліп, шекара бойында отырған тұрғындардың жағдайы жақсара түсер еді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521