Азғырға жол салына ма?

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының экономикасында  ауыл шаруашылығы басымдыққа ие. Аудандағы төрт түліктің негізгі  бөлігі Азғыр өңірінде өсіріледі.

Сондықтан ауыл шаруашылығы кешенін дамыту үшін қыр өңіріне жол салу күн тәртібінен түскен емес. «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ Автомобиль жолдарының директоры Асхат Байбатыровтың қатысуымен аудан әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдауда да осы мәселе қозғалды.

Қоғамдық тыңдауға жоғарыда аталған лауазым иесімен қатар  «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ аға ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Қалижан Құлманов, Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұржау Маратов, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусин, аудандық қоғамдық, ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Қоғамдық тыңдауды аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев ашып:

– «7 разъезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік» автомобиль жолы облыстық маңызы бар жол санатында. Тапсырыс беруші Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Азғыр өңіріне баратын осы жолдың 0-36 шақырымын орташа жөндеуге 2020 жылы жоба жасақталды. Мердігер мекеме «Атырау жолдары» ЖШС. Жобаның құны 1 400,0 мың теңге. Күні бүгін  600 мың теңгесі игерілді, - деп қатысушыларды таныстырып өтті.

z

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ Автомобиль жолдарының директоры Асхат Байбатыров: – Бұған дейін министріміз ауданда іссапармен болып, аудандық мәслихат депутаттарымен, ақсақалдармен кездескенде осы жолды қолға аламыз, қалпына келтіреміз деген уәде берген екен. Енді, бұл жол басталып жатыр. Өздеріңізге мәлім 282 шақырымды бір жылда бітіру мүмкін емес. Былтыр 0-36 шақырымы басталды. Енді 36-98 шақырымының жобасы жасалды. Барлығы 62 шақырым. Қазіргі үлкен мәселенің бірі жолдарды республикалық дәрежеге, күтіп ұстауға жеткізу. Жергілікті жолдарды оған жеткізуге ауданның, облыстың бюджеті тапшы. Екінші мәселе – техникалық –экономикалық негіздеу. Яғни, сол жол керек пе, қанша халық жүреді, қандай пайда әкеледі? Ол тікелей қаржыға байланысты. Мысалы, Азғыр өңіріндегі халықтың саны 8 мың адам. Күніне жүз автокөлікке дейін жүреді екен. Демек, ол бізде бесінші категориялы жолға жатады. Оған үшінші немесе екінші категориялы жол салуға заң жібермейді. Жаңа технологияларды қолдану қымбат. Бір шаршы метр асфальт бетонның бағасы миллион теңге. Азғыр жолының бір жерінде құм жатса, екіншісі сор және сазды болып келеді. Бәрін бір жобамен қамтып кету мүмкін емес. Сол себепті жобаларын жеке-жеке жасадық. 62 шақырым 15 шақырымнан бөлініп дайындалуда. Қайырбек Айтбайұлы бізге жергілікті материалдарды пайдаланып орташа жөндеудің бағасына келтіруге тырысыңдар  деп тапсырма берді. Осы жолға қатысты облыста өткен жиналысқа аудан әкімінен азаматтар қатысты. Аудан әкімдігі бұл жолға күрделі жөндеу жүргізгісі келген екен, ол өтпей қалыпты. Бұл жобаны осы жылдың аяғына дейін жасап бітіруіміз керек. Қазір бұрынғыдай 7-8 тонналық көліктер жоққа тән. Отыз пайызы үлкен көліктер, оның 10%-ы ірі көліктер. Олар бір ізбен жүрсе жолда ойықтар пайда болады. Біз жобада әр көліктің осіне 10 тонна салмақ түседі деп есептеп отырмыз, – деп кейбір құрылыс материалдарының бағаларын келтірді. Сонымен қатар, жасалатын жолдың сапалы болуына мән берілетініне, қыста үстінде қар жатып қалып, жазда бойына  жаңбыр суы сіңіп кетіп бүлінбеуі үшін министрлік жаңа технологияларды қолдануды тапсырғанын жеткізді.

Қазақстанның құрметті құрылысшысы Ержан Рысқалиев:

– Одақ кезінде сол жолды 40 «Газ-53» автокөлігімен, «ДТ-75» булдозерімен көтерді де үстіне саз төкті. Бірақ, қиыршық тас төсеген жоқ. Сол жолмен 20 жыл қатынас жасадық. Оны көтеріп, саз бен қиыршық тас төгіп, жабысатын құрылыс топырағын (пгс) төксе сонда арзанға шығады. Бөліп жасамаса болмайды. Қазір салынып жатырған Атырау-Астрахан асфальт жолы да айына 3 шақырымнан  жасалып отыр. Мамырдан бері 16 шақырымы төселді. Жоба жасағанда қырда құмның көшетінін ескеріңіздер. Ертең жолды басып қалуы мүмкін. Сондықтан оны тоқтату үшін жағалай терек отырғызуды жобаға кіргізу керек. Ағаштың тамыры тереңге кетсе, құмды ұстап қалады. Азғыр өңірі стратегиялық маңызы зор, Ресеймен іргелес жатқан аймақ. Ауданның ауыл шаруашылығы үшін де орыны ерекше. Ертең жол салынса малын маса мен сонаға талатып аралда отырғандар сонда көшеді, – деді.

zhinalys-zhiyn_jpg1

Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов:

– Жол құрылысы арзанға шығуы үшін жергілікті материалдарды қолдану қажет. Азғыр өңірінде Бесшоқы, Құдайберген  таулары бар. Қиыршық тасты орталықтан тасымай содан алуға болады. Жан-жағын көмкерсеңдер бәрі жақсы шығады. Соны ойластырыңыздар. 62 шақырымды Қошалақтан бастауға болады, - деді.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Кенжебаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин және басқалары талқыланып отырған жобаға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT