Азғырға жаңа желі тартылады

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріндегі 3 ауылдық округтің 9 ауылына жаңа электр желісі тартылатын болды. Бұл – өте қуанышты жағдай.

Аудан орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан өңірге әлі күнге дейін қазақстандық электр желісі тартылмаған еді. Бүгінде шекараны бойлай қоныстанған ауылдар жарықты Ресейден алып отыр. 2022 жылы Құрманғазы ауылынан алыс елді мекендерді қамтитын жаңа электр желінің жобасы басталады.

Ресейдің Волгоград ГЭС-інен берілетін электр қуаты алдымен Сүйнідіктегі электр тарату бекетіне келеді. Осы арадан кернеулігі 110 киловольттық қуат 8 ауылға бөлінеді екен. Жылына 72 миллион киловатт-сағат электр қуатын сырттан алатын Азғыр өңірінің халқы үшін импорттық өнімнің бағасы да қымбат. Егер Атырау облысындағы 1 киловатт-сағат электр қуатының құны 5 теңге шамасында болса, Ресейден алынатын энергияның бағасы – 30 теңгеге жуық. Арасындағы шығынды отандық жарық беруші компания мойнына алған.

Дегенмен, бұл шалғай ауылдардың тұрғындары үшін қолайсыздық туғызады. Себебі, қыс айларында жарық сөнсе, ауылда жағдай қиындайды.

- Егер ауылда электр жарығы сөнсе, жарықсыз қалғанымыз өз алдына, газ да болмайды. Ең қиыны – газ құбыры қатып қалуы да мүмкін. Сондықтан, бізге электр желісін Ресейден емес, қашық болса да аудан орталығынан тартқан тиімді, - дейді Асан ауылының тұрғыны Серік Сариев.

Шекараны жағалай қонған елді мекендердің ең ірісі – Асандағы 1 мың жарымдай халықтың әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешіліп келеді. Былтыр округке қарасты барлық ауылға табиғи газ жеткізілді. Бағасы 9 млрд. теңге тұратын көгілдір отын жобасының игілігін енді басқа елді мекендер де көріп отыр. Биыл салынған фельдшерлік бөлімше желтоқсан айында пайдалануға беріледі. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қоянды топтық су торабынан тартылып жатқан жаңа ауыз су құбыры алдағы мамыр айында іске қосылмақ.

  • Азғыр өңірі үшін ең басты түйткіл электр энергиясы болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша аудан орталығы – Құрманғазы подстанциясынан 180 шақырым жердегі Асан ауылдық округіне ток желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов.

Бұл өңірдегі негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік өсіру. Оған жер жағдайы да тұрмыстық мүмкіндіктер де жеткілікті. Қазір аудандағы 635 шаруа қожалығының басым көпшілігі – Азғыр өңірінде.

Егер шалғайдағы 9 ауылға тұрақты электр желісі тартылса, жергілікті жерден өнім өңдейтін шағын өнеркәсіп ошақтарын ашуға да жоспарлар бар. Қиыр жайлап, шет қонған азғырлықтардың бұдан өзге шағымы да жоқ.

«Атырау» газеті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT