Автобус қатынасына аудан жұрты разы

(0 Votes)

«Атырау-Астрахань» автокөлік жолы бастап пайдалануға берілгелі көптен қиналып жүрген аудан тұрғындарына асабалар жиі айтатын «құдай берейін десе форточкадан да бере салады» дейтіндей күтпеген жақсылық бастарына ақ жаңбырдай себелеп құйыла қалды. Бұл және 2025 – жаңа жылдың алдында. Ол – «Атырау-Құрманғазы» аралығына әрлі-берлі күніне үш мезгіл қатынайтын автобустың шығуы.

Автобус болғанда қандай! Мініп Атырауға барып көрдік жұбайымыз екеуіміз. Қысқасы, жайлы ұшаққа мінгендей әсер қалдырды. Іші кең, таза, жарық. Қол жүгіңді дәл ұшақтағыдай жоғары қоясың. Жол тақтайдай тегіс, біреулер отыра салысымен мызғып кетіп, Атырауға таяу қалғанда есінеп оянып, жан-жағына алақ-жұлақ қарайды. Баяу әндетіп 3 сағат 30 минут шамасында былқылдаған орындық-бесіктерде тербелдік те келе қалдық.

Осы үшін облыс әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов бастаған барлық мүдделі азаматтарға «мың – сан алғыс!» деп ауылдастарымның ризашылық сезімін жеткізгім келгені. «Жалт етті де жоқ болды», дегізбей артының қайырлы, тұрғындар ризашылығын туғызатындай олардың бұл мәселеге байланысты пікірлері ескерілуін сұраймын. Сол біз қадеге барған өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күндерінің бірінде біз мінген (жексенбі) автобустың 53 адамдық орны толық болғанымен, ертеңіне сағат түсқайтағы 5-терден сәл ертерек қайтарға билет алуға барсақ, орындар түгел сатылып кеткен. Амал жоқ, айранымыз қара су болып «Дина» базарына келсек таксишілер толып тұр екен, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «барсаңдар, 4 мың төлейсіңдер әрқайсың, төрт мыңнан төрт тиын да түспейміз» – деп бірі бедірейсе, бірі келеке қылғандай қалып танытты.

Бір кейуана: «Балаларым-ау, автобус 2 мыңға, мүгедектерді бір мың теңгеге апарып-әкетіп жатыр ғой, біздей зейнеткерлерді қинамай, 3 мыңға ала кетсеңдерші», деп еді, таксишілер ләм-мим жұмған ауыздарын ашпай қалды. Ауылдас ағай: «Қой, пойызға кетейік, дегенмен билет болғанда мінсекте мына автобус кәрі-құртаңға, студент балаларға жақсы болды. Студенттер ауылға қайтарларында таксиші ағаларына жалынып-жалпаяды. Өйткені, кейбір құнығып кеткендері такси бағасын 7-8 мыңға дейін көтеріп жібереді. Олар біреулердің қиналғанынан ұпайларын түгендейтін жүрексіздер» десе, ып-ырас. Жүрексіздік – неткен ауыр сөз!

Сонымен, «Құрманғазы-Атырау» аралығына әрлі-берлі күніне 3 рет қатынайтын автобустың шыққанын шалғай ауыл тұрғындарының жағдайын ойлағандық деп бағалап, күніне 3 рет емес, таңертең-кешке 2 рет 2 автобустан қамтыса қалай болар еді, деген пікір білдіргіміз келгені. Екіншісі қосымша жүретін шағын автобус болса да жарайды. Қиғаш бойын жағалай қоныстанған Жамбыл, Бірлік, Сафон, ММС, Бөкейхан ауылдарының тұрғындары да күніне бір рет болса да бұл жақсылықтан біздерді де құр қалдырмаса екен, деп жатыр. «Көш жүре бара түзелсе», бұл арада әлі де ойласатын жайлар баршылық. Билет Атыраудан Құрманғазыға автобекеттен сатылады, жеткенінше алады, жетпегендер өкінгенде не істемек, бәрі заңды. Ал, Құрманғазыдан автобус жүргізушілері таласа-тармаса топырлатып мінгізеді, әлі жеткендер алда ғой, әрине! Тұрғындар тілегі: «Осыны «ONLINE» түріне айналдырып, ұялы телефон арқылы алуға мүмкіндік жасалынса. Бұл арада тұрғындар автобус жүргізушілеріне кінә артқалы отырған жоқ, олардың жақсы азаматтар екендігіне көз үйреніп, көңіл сүйсініп қалды. Жүргізушілер Марат Мағзомов, Ержан Шармұхамбетов, Радик Марданов, Рафик Сисенов, мың болғырлар. Қолдарынан келгенше ешкімнің қалып қоймағанын қалайды.   Билетті әркімнің қамданған уақытына және кезегіне қарай алуына мүмкіндік болса деген ой ғана.

Таңатар Дәрелұлы, ҚР Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT