Ауыз сумен қамту мәселесі қозғалды

(0 Votes)

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы «AMANAT» партиясы Құрманғазы аудандық филиалында талқыланды.

Филиалдың төрағасы Ерлан Хисметуллин Жолдаудың ел өмірі үшін өзекті мәселелерді көтеруімен ерекшеленетініне, одан туындайтын маңызды міндеттерге тоқталып өтті. Қатысушыларды бір кісідей қолдау білдіріп, күнделікті өмірімізде жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Жолдауда сумен қамту көтерілгендіктен күн тәртібіндегі мәселелер де осы төңіректе қозғалды.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Руслан Сиражев, «Құрманғазы су арнасы» ЖШС директоры Ерлан Такешев, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Азамат Жандыбаев, Атырау облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаровтың ауыз сумен қамту, түп-тереңдету жұмыстарына қатысты хабарламалары тыңдалды. Қатысып отырған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Нұғыманов, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, «Павлодар өзен порты» ЖШС-ның өкілі Бауыржан Нұрғалиев пен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Болғын Абилова көтерілген мәселелерге қатысты қосымша ақпараттар берді. «AMANAT» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжанат Қалиева, аудандық мәслихаттың депутаттары Талғат Жұмалиев, Болатбек Өтегенов, Есболат Құбашев, Әнуарбек Сәбитов тарапынан туындаған сұрақтарға жауаптар қайтарылды. Өз жауабында «Құрманғазы су арнасы» ЖШС директоры Ерлан Такешев Азғыр өңіріндегі насос қондырылмаған, электр жарығы тартылмаған ауыз сумен қамту нысаны толық дайын болмаса да қабылданғанын, сондықтан оны теңгерімдеріне алудан бас тартқандарын жеткізді.

Кеткен кемшіліктердің не себепті орын алғанын анықтау мақсатында қойылған сұрақтарда Азғыр өңірі 7 жыл, Мақаш ауылдық округі жыл жарым бойы таза ауыз сумен қамтылмай отырғаны, аудан бойынша суды үнемдеу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқаны да қамтылды. Толық бітпеген құрылысты қабылдап алу, ауыз сумен қамтитын нысандарды салуға бөлінген қаржы уақытында пайдаланылмайтыны, сол себепті жыл аяғында оны игереміз деп әлекке түсетіндіктен құрылыс сапасыз шығатыны депутаттардың наразылығын тудырды. Халықтың жанайқайын жеткізген халық қалаулылары берілген жауаптарды місе тұтпай, бірігіп осының бір шарасын алу қажеттігін шегелеп айтты. Түп-тереңдету жұмыстарымен айналысып жатқан «Павлодар өзен порты» ЖШС жұмысына қатысты да сын садағы тартылды. Кейбір сұрақтарға қатысты аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов қосымша ақпараттандырды.

«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин: – Сумен қамту бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Азғыр өңірінде 7, Мақаш ауылында жыл жарымнан бері ауыз су жоқ. Бұл халықтың орынды ашу-ызасын тудыруда. Президентіміз сумен қамтуды жолға қоюды талап етті. Бізде жылда ақша бөлінеді, қайтарымы қайда? Ауыз судың сапасына да ешкім жауапты емес. Халықты таза ауыз сумен қамтуды жүзеге асыруды жалғыз «Құрманғазы су арнасы» мекемесінің мойынына артып қойғанбыз. Бұл мәселені біз облыс әкімі деңгейінде көтеретін боламыз, – деп мұны жеке қарауды ұсынды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT