Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өткен кеңесте Атырау облысының тұрғындарының біраз бөлігін сумен қамтып отырған «Астрахан–Маңғышлақ» су магистралының тозығы жеткенін айтып, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына оны қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма бергенін өз басым жақсы қабылдадым.
Өйткені, қазіргі уақытта аудан тұрғындары да үстімізден өтетін осы су құбырына үлкен үмітпен қарайды. Қиғаш бас су сорғысы арқылы Маңғыстау түбегіне, Ақтау қаласына жеткізілетін Бозанның суын жолай Атырау облысының бірнеше елді мекендері пайдаланады. Облыс әкімі М.Досмұхамбетовке ауданымызда іс-сапармен болғанда құрманғазылықтардың да бұл судың қайырын көрсе деген өтініш етілген болатын. Өйткені, жазғы мезгілдерде аудан орталығындағы, жекелеген ауылдардағы су көтеру қондырғыларының қуаттылығы жетпей, ауыз судан тапшылық көретінбіз. Соған орай, облыс басшысы темір жолмен іргелес тартылған аталған магистралдан Ақкөл, Жаңаталап, Нұржау, Орлы, Құрманғазы және Еңбекші ауылдық округі тұрғындарына қосымша су алуды оңтайлы шешіп берді. Бір-екі жылдан бері құбыр тарту қарқынды жүріп, ауыл-ауылдарға жеткізіліп, магистралға қосылу ғана қалды. Бұл жұмыстар толықтай жүзеге асырылған кезде қазіргі пайдаланып отырған су құбырымыздың қуаттылығы артатын болады.
«Су – тіршілік нәрі» дегендей, тұрғындар тарапынан сумен қамту мекемесіне айтылатын өкпе-реніштер сап тыйылатын болады. Бұл ретте, облыс, аудан басшылығынан бастаған істерін нәтижелі аяқтайды деген үміттемін. Әрине, ел Президентінің «Астрахан–Маңғышлақ» су магистралын қайта жаңғыртуды қолға алуды тапсыруы–құптарлық жағдай.
Қадірбай ЖАРМҰХАНБЕТОВ,
Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы