Ауыз судан тағы дуст дәмі шықты

(0 Votes)

Ауданның Телеграм чатына Еңбекші, Мақаш ауылдық округінің тұрғындары ауыз судан жағымсыз иіс пен кәдімгі дусттың дәмі шығатыны жөнінде шағымданды.

Бұл осымен екінші рет қайталанып отырған жағдай. Былтыр да осы уақытта ауыл тұрғындары тіршілік нәрін тұрмысқа пайдалана алмай отырғандары жөнінде дабыл қаққан болатын.

img-20210722-wa0039

Мән-жайдың анық-қанығын білу үшін аудан әкімі М.Мурзиев аудандық мәслихат депутаты Б.Кенжебаевпен, жауапты мамандармен бірге Еңбекші ауылдық округіндегі Сурхан өзегінің басына барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты тұрғыда зерделеді. Су балдырларының көк-жасыл түске боялып және дуст тәрізді иісінің шығуы – табиғи нәрсе. Оның үстіне ағыстың жоқтығынан, күннің ыстығына қызған судағы балдырларда шіру процесі орын алуда. Соның салдарынан тіршілік нәрінен жағымсыз иіс шығып, түсі де жасылға боялуда. Күні бүгінге дейін Мақаш, Еңбекші ауылдық округтеріне су беріліп отыр. Тұрғындар мұны тек егіндерін суаурға ғана қолданып, ауыз су ретінде пайдалануға мүмкіндік болмай отыр. Шіліңгір шілденің аптап ыстығында әркім шама-шарқы келгенше су таситын көлікке ақшасын төлеп, құдығын толтырып өлместің күнін кешуде.

Ауылға су жеткізуді сенімгерлік басқаруға алып отырған «Қайседенов» шаруа қожалығының өкілі жағымсыз иіс «Кобяково-Забурын» жасанды каналына дейін шықпайтынын, өзектің Мақаш ауылдық округі бағытында тұйықталып, су қозғалысы болмағаны салдарынан орын алуы мүмкін екендігін жеткізді. Орын алған мәселені тез арада шешу жолдары талқыланып, Жұмекен су тазалау қондырғысының сусорғысын аталмыш каналға көшіру жөнінде ұсыныс ортаға салынды. Тек бірінші зертхананың көмегімен ашық қоймадан сынама алынып, сапасы тексерілу қажеттігі айтылды. Аудан басшысы М.Мурзиев қорытынды оң нәтиже беретін болса қажетті су тұрбалары мен электр бағаналарын тауып беруге уәде етті. Қалған жұмыстар бойынша орынбасары Н.Қалиевке, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Р.Әмірхановқа тиісті тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, алдағы уақытта Сүрхан өзегін қазу қазір жобасы жасақталып жатқан 243 шақырым түп тереңдету жұмыстарына енгізілген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT