Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онлайн форматта өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын айтты.
Аймақтағы түйткілді мәселелерге тоқтала келе, ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту қажеттігін алға тартты. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту деңгейін көтеруге байланысты облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке нақты тапсырмалар жүктеді.
Өзекті дүниенің бірі – өңірді сумен қамтамасыз ету екені баршамызға мәлім. - Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет, – деді Президентіміз. Әлі күнге дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту толық аяқталмаған. Облыс бойынша 30 ауылға ауызсу жетпеген. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдікке бұл мәселені алдағы екі жылда толық аяқтауды міндеттеді. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңғыртуға қатысты тапсырма берді.
Ендігі жерде тұрғындардың ауыз су мәселесі біраз болса да шешімін табады деген үміті бар.
Қанат Ғаббасов,
Мемлекеттік қызмет саласының ардагері