Коронавирус – бүкіл дүниежүзін жайлаған қауіпті індет.
Оның өмірімізге дендеп ене бастағанына бір жылдан асып барады. Талай адамды етжақындарынан, туған-туысынан айырған бұл аурудың айылын жияр түрі жоқ. Онымен күресудің жалғыз жолы болып табылатын вакцина шығарылса да, оны егу жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Оған себеп отандастарымыздың немқұрайдылығы болып отырғанын айтуға тиіспіз. Расында бейқамдық бізге пайда әкелмейтінін түсінетін уақыт жетті. Былтыр дертке дайын болмай шықтық дедік, енді не деп ақталмақпыз? Ғалымдар жатпай-тұрмай жұмыстанып, аурудың алдын алар дәріні ойлап шығарды. Ал, біз ше, көпшілігіміз келте ойлап, кереғар пікірлердің жетегінде кетіп, денсаулығымызға, басымыздың амандығына мән беруге асықпаймыз.
Редакциямызға қоңсы қонған ауыл шаруашылығы бөліміне жиі келетін шаруа қожалығы иесі Оразғали Алғаязов ағамыз өткен жылы бұл дертпен ауырып шыққанын айтады. – Құдай басқа бермесін, мен де осылай менсінбей жүріп бір күні мұрттай ұштым. Тамағым қырнап, дене қызуым көтеріліп, бойда дел-сал әлсіздік байқалды. Алғашында жай тұмау шығар деп ойлап жүрдім. Болмағасын дәрігерлерге қаралуыма тура келді. Өкпең қабынған деген диагнозбен дереу ауруханаға жатқызылдым. Онда да мендей сырқаттар көп екен, «ахылап-ухылегендермен» лықа толы. Дәрігерлер де тыным таппайды, тұмшалап киініп алған, бетперде мен көзәйнектің ар жағынан танып болмайды. Жаныма келіп «Аға, уайымдамаңыз бәрі жақсы болып кетеді» дегенде ғана ауылдас інім, дәрігер Озат Ахметқалиев екенін ажыратып көңілім бірленгендей болды. Күнбе-күн келіп жағдайымызды біліп тұратын ауданның бас дәрігері Гүлсара қарындасыма, дәрігер Амантай Арыстанәлиевке алғысым шексіз. Санитарлар да әлсін-әлсін еденді, кереует-тумбочкаларды сүртіп зыр жүгіреді. Осындай қалтқысыз еңбектің, жанашырылық көзқарастың, дұрыс берілген ем-домның арқасында жазылдым-ау деймін. Аурудың салдарын көпке дейін сезініп жүрдім, вакцина алып, ауырмаудың жолын іздемесе болмайды, - дейді өзінің басынан өткенді айтып, өзгені сақтандырғысы келіп.
Оның бұл сөздеріне күмәнсіз сенеміз, әрине. Себебі, індеттен келетін кесірді одан артық түсінетін жан жоқ. Аурумен бетпе-бет келіп, оны еңсере білген ағамыздың басындағы жағдай баршамызға сабақ болса екен.
А.НӘЖІМОВ