Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімімен бірлескен түрде алқа мәжілісі өтті.
Онда ардагерлер кеңесінің жылдық жұмыс жоспарын бекіту, алқа мүшелгіне өзгерістер енгізумен қатар, осы топырақтың тумасы атақты күйші Дәулеткерей Шығайұлына ескерткіш тақта орнатылатын орын анықтауды талқыға салды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген, алқа мүшелері өзара кеңесіп, күн тәртібіндегі мәселе өз шешімін тапты.
Сондай-ақ, жиын барысында ауылдың ардақтысы Даваева Тося Инжейқызының 85 жасқа толу мерейтойына орай ұлықтау рәсімі жүргізілді. Округ әкімдігі мен ардагерлер кеңесі атынан құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табысталды. Зейнеткерлікке шықса да елдің көпшілік мәдени шараларынан қалыс қалмай жүрген апамызға Еңбекші ауылдық клубы ұжымы атынан да құттықтау хаты мен сый-сияпат жасалды. Ұлты қалмақ болса да, жүрегі қазақ анамыз ерте еңбекке араласып, аудандағы шаруашылықта зоотехник болды. Біраз жыл ұстаздық қызметке ауысып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатты. Сонымен қатар, байланыс саласында, одан кейін мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ауыл, аудан, облыс көлемдеріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Апамымыздың өнерін білмейтін ауыл, аудан жұрты болмас. Осы топырақтың тумасы Өтеп ағамызбен отау құрып, 4 ұл, 2 қыз әкеліпіп, тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған аяулы ана, бақытты әже. Ұрпақтарынан немере-шөбере сүйіп бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған жайы бар. Жасы сексеннің бесеуіне келсе де, өнер десе ішкен асын жерге қойып, қандай ма мәдени шараларда ортаны қыздырып, көрерменге керемет көңіл күй сыйлап жүреді. Ел анасы Тося апамызды тағы да мерейлі жасымен тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңыздың өркендеуін, абыройлы ұрпақ нәсіп етсін деп тілек етеміз.
Ғ.ҚАЛИЕВ,
Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы