Осындай ән-әуеннің сазымен, сезім жетегіне ерген Мүтиғолла Ғани туған жері Сүйіндікке табан тіреді. «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының мүшесі» аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы бастап, облыс аумағынан келген тоғыз ақын қостап барды.
Қыс ортасында, аю аударылатын күні дүниеге келген, ақпандағы ақ бас бурадай буырқанған Мүтиғолланың шабыты тасып-тасып кетеді. Арқа бағыттан аязымен қысқан табиғат мінезімен, ақын мінезі үндестік тапқандай. Қошалақтан мені қосқан Абат мырза, Асаннан Жайсаңбек Сұлтанғалиевты да ілестіре кетті.
Сүйіндіктегі «Туған жерім мекенім, сені жырлап өтейін» тақырыбындағы кеш сыр-сұхбат түріне жоспарланыпты. Кешті жүргізуші Жеткіншек Қабдырахманов. Ш.Ізбасаров орындаған әннен кейін аудан әкімі А.Жанғалиев құттықтау сөз сөйледі. Кеш жүргізуші мен Мүтиғолла ақын арасындағы сұрақ-жауап жастық шақ, өскен орта, жыр жазу, айтысқа келу, қазіргі айтыстың жай-күйі, шәкірт тәрбиелеу бағытында өрбіді. Жалпылама айтқанда Күзембай, Мәжит т.б. көнекөздер сөзіне құлақ қойып өскен Мүтиғолла 12-13 жасынан өлеңді ұға бастайды. Айтысқа 1990 жылдар басында Оралда жүргенде келеді. Республикалық жабық мүшайрада жүлде алады.
Бір мезет поэзия сағатына уақыт бөлініп, оқушылар Г.Жұмалиева, Д.Орденов ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Сүйіндік ауылдық әкімі Данияр Сабиров жерлес ақынды құттықтап, шапан жауып алғыстады. Көпшіліктің сұрауы бойынша М.Ғани төкпелетіп арнау жырын әуелетті.
«Төлепқали» шаруа қожалығының иесі Ақылбек Төлепқалиұлы ақын ағасының елдің-жердің жағдайына бейжай қарамайтын табандылығын тілге тиек етіп, өз атынан ат мінгізді. Мүтиғолланың туған інісі Рухолла ақын қонақтардың тоғызына да сыйлық ұсында.
Кештің екінші бөлімінің тізгінін қолына алған Респбуликалық айтыс ақындары облыстық филиалының төрағасы Шалқарбай Сайлаубайұлы ақындарды жұптап, шаппа-шап айтыс ұйымдастырды. Мүтиғолланың кешінде айтыс болатынынан құлақтанып келген зал толы көрерменінің күткені де осы еді. Бірінші жұп болып щыққан сүйіндіктік Нұрбибіт Нұғыманов пен мақаттық Нұрбек Сарбасовтың айтысы көрермендерді баурап алды. Нұрбек: «Джиппен жүрген әкімдер көп болғанмен, жұртпен жүрген әкімдер сирек боп тұр» деп, ақындардың қасында әкім жүргенін кестелеп келтірді. Біз білетін сарбаз, салмақы Нұрбибіт қарсыластың ұшқыр шумақтарына ұтымды жауап беріп отырды. Мысалы, Нұрбектің «Украинадағы соғысқа жіберетін бала екенсін» дегеніне «соғысты қайтем, ракета сынығын күнде көріп жүрмін ғой» деп, бір кезде өзі туған өңір полигон аймағы болғанын меңзеді.
Салауат Кәрімұлы мен Ерасыл Мұхитов, Манарбек Сатыбалдиев пен Баймұрат Кеңесов, Әнуарбек Садыхов пен Мүтиғолла Ғани айтыс көрігін қыздырып берді. Ұшқан құстың қанаты талатын шығыстағы Семейден, батыстағы Сүйіндікке келген Манарбектің қадамы сүйсінтеді. Әнуарбек болса ұлты башқұрт, қазақтың жиені екенін зілсіз назбен жеткізді. Айта кетерлігі бұл ақындар шоғыры ешқандай жүлдесіз, М.Ғанидың құрметіне ерікті келуі еді.
Кеш соңы кейіпкері М.Ғанидың бата-тілегімен, Т.Зайнуллиннің «Туған өлкем» әнін Ә.Ақылбекқызының орындауымен аяқталды.
Есмұхан Жанизин