Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету жолымен ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы #270 қаулысымен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Аудан бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Бөкейхан ауылында 300 орындық мәдениет үйінің, Хиуаз және Орлы ауылдарында ауылішілік автомобиль жолдарының құрылысы басталды.
Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңадан әлеуметтік нысандар салынып, су , электр және кең жолақты интернет желілерімен қамтылады.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр.