«Ауыл тағдыры – халық тағдыры» деп есептейтін «Ауыл» партиясының өзіндік тарихы бар. Сонау 2000-шы жылдардың басында «Ауыл» социал-демократиялық партиясы құрылған болатын. Аты айтып тұрғандай, негізгі бағыты ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғау болып табылады.
Өйткені, Қазақстан аграрлы мемлекет, халқының қырық пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Партия осы жылдардың ішінде құрылымдық өзгерістерден өтті. 2015 жылы ауыл партиясы патриоттар партиясымен бірігіп, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы болып құрылымдалды.
Бұдан кейін партияның өмірінде жаңа бір белес басталды десек те болады. Оның басты белгілерінің бірі партияның қатары негізінен патриоттық бағытты ұстанған саяси лидерлермен, жаңа мүшелермен толықты. Қазіргі таңда партия мүшелерінің саны 300 мыңнан асады. Әр аймақтан 20 филиал, 1200-дей бастауыш ұйым ашылды. Облыстық филиалды өңіріміздегі бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған Қадыржан Арыстанов, аудандық бастауыш ұйымды ауыл шаруашылығы саласының ардагері Руслан Сәуменов басқарады. Партия қатарына тек ауыл шаруашылығы қызметкерлері ғана емес, жалпы ауылға жанашыр азаматтар да кірді. Олардың ішінде білім және медицина, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Өйткені қазақстандықтардың жартысына жуығы қалада емес, ауылда тұрады. Еліміздің экономикасын арттыруға қосқан үлестеріне орай «Ауыл» партиясы мүшелері марапаттардан да кенде емес. Соңғы жеті жылда партияның 1200-ден астам мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Биылдың өзінде сегіз партия мүшесі мемлекеттік деңгейдегі орден-медальмен, алпыстан астам партия мүшесі ведомстволық марапаттармен ұлығыланды.
Жиырма жылдық тарихында парламенттік партия бола алмаса да өзінің функциясын тоқтатқан емес, ұстанған бағытынан айнымады. Соңғы сайлауда ғана «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы парламенттік партияға айналды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген елдегі саяси реформаларының нәтижесінде жүзеге асты. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындысында «Ауыл» партиясының атынан саяси додаға түскен 8 кандидат Мәжіліс депутаттығына өтті. Онда «ауылдықтар» «Amanat»-тан кейінгі орынды иеленіп, ел ішіндегі іргелі саяси партиялардың қатарына қосылды. Бүгінде жоғары заң шығарушы палатада «Ауылдың» өз фракциясы белсенді жұмыс жасайды. «Ауылдықтардың» Парламентте «Мейірім құшағы» атты көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ауылдық жерлердегі іскер әйелдерді демеу мақсатында құрылған және мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі екі комиссиясы жұмыс жасайды. «Мейірім құшағы» жақында Астана қаласында «Ұлт рухының ұясы – ауыл ана» атты ауыл әйелдерінің бірінші республикалық алқалы жиынын өткізді. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия да алғашқы отырысында бас қосып, әлеуметтік мәселелерді талқылады. Тағы бір атқарылған шаруа, Қазақстан халқы Ассамблеясымен «Ауыл» партиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2020 жылы партия мүшелері облыстық, аудандық мәслихаттар депутаттығына сайланып, өңірлердің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешілуіне атсалысты. Cол кездің өзінде-ақ «ауылдықтар» мәслихаттарда екінші орынды иеленіп, үлкен саяси күшке айналып келе жатқанын байқанқан еді. Енді парламенттік партияға айналған соң, орталық аппарат та құрылымдық өзгеріске ұшырап, аграрлық-экспорттық, экономика және бизнес, сондай-ақ әлеуметтік салалар бойынша орталықтар ашып, жұмысы жандана бастады. Шілде айында өткен Саяси кеңестің шешімінен кейін партия өз мақсатын тағы да айқындай түсті. Соның арқасында саяси ұйымның жұмысы жоғары деңгейге көтерілді. Филиалдар, орталық аппарат және Парламенттегі партия фракциясы күш жұмылдырып, кешенді түрде ауылдың, әсіресе аграрлық саладағы өткір мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешуге күш салып келеді.
«Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі жаңа саясатын ұсынып, оны жүзеге асыруға дайын екенін дәлелдей білді. Өйткені, біздің мақсатымыз елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдыру және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құру болмақ. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені экономиканы дамыту үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін де маңызды стратегиялық мәнге ие. Парламент Мәжілісіндегі депутаттарымыз ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, оларды өңдеушілер үшін әлеуметтік аударымдардан басқа салықтың барлық түрін толық жою, өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізу, агробизнестің дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік органдар тарапынан болатын кез келген шектеуге тыйым салу сияқты өміршең мәселелерді көтерді. «Ауыл» партиясы бүгінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыру, ауыл еңбеккерлерінің абыройын асқақтату, беделі мен танымалдылығын арттыру жөніндегі барлық іске бастамашы, ұйытқы болды.
Партия аграрлық сала мен экономиканың дамуына және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал ететін ұзақ мерзімді нақты алты жобаны қолға алды. Ондағы «Шартты базалық табысты енгізу» жобасы «Экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі орталық» тарапынан ұсынылып отыр. Бұл бұрын-соңды елімізде қолданылмаған тың жоба. Атап айтқанда, жергілікті бюджет салықтары мен коммуналдық шығыстарға жыл сайынғы төлемдер арқылы республикамыздың әрбір азаматының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа идея. Жайылым тапшылығын басқару жобасының да бастамашысы «Экономикалық саясат және кәсіпкерлік жөніндегі орталық». Жайылым тапшылығы - еліміздегі ең өзекті мәселелерінің бірі. Орталық ұсынып отырған жоба мәселенің инновациялық шешім жолдарын нұсқайды.Тәжірибеде өзін дәлелдеген инновациялық технологияларды қолдану арқылы астық өндірушілер мен мал шаруашылығымен айналысатындар арасындағы мүдде тартыстары өз шешімін тауып, ауылдағы санитарлық-экологиялық тазалық пен өмір сүру жағдайының жақсаруына себеп болады.
Бос тұрған ғимараттарды шаруашылық айналымға енгізу жобасы ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады. Бірінші кезекте өңірлердегі жеке және мемлекеттік меншіктегі тоқтап тұрған кәсіпорындарды зерттеп, әлеуеті жоғары нысандарды айқындап, оларды шаруашылық айналымға енгізу алгоритмі жасалуда. «Суармалы жерлер - ауыл табысының негізі» жобасы еліміздің суармалы егіншілік алқаптарын кеңейту бойынша кешенді шаралар қабылдап, олардың жүзеге асырылуы партиялық қадағалауға алынды. Суармалы жерлер көбейсе өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының әлеуеті артады. Бұл ауыл еңбеккерлерінің табысын көбейтуге, қалалардағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. «Жаңадан ашылатын аудандарға еңбек ресурстарын бағыттау» жобасы елімізде еңбек жасындағы азаматтарды тығыз орналасқан жерлерден халық саны аз аймақтарға көшіруді көздейді.
«Ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды онлайн оқыту» жобасымен «Ауыл» партиясы 2018 жылдан бері айналысып келе жатыр. Партияның XIV съезінің шешімімен ауыл жастарының «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік беделді университеттерге түсу мәселесін көтерді. 2021 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында ауылдық квота енгізілді. Ендігі кезекте ауыл мектептеріндегі дарынды оқушыларға онлайн дайындық курстарын ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны іске қосу міндеті тұр. Осы мақсатта ауыл жастарын ауылдық квота шеңберінде шетелдік білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларға көптеп тарту үшін «Ауыл» партиясы мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы арасында меморандумға қол қойылды.
Орталық мамандары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен, салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер өткізіп, мамандандырылған «Агробанк» құру мәселесін көтеріп, «Агробанк туралы» ҚР Заңының жобасына ұсыныстар әзірленді. Партияның бірегей жобалары ретінде еңбек озаттарының, ауыл жастарының форумдарын, «Ауылым - алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсын, «Ауыл нақыштары» республикалық фотобайқауын айтар едім. Еңбек озаттары форумы «Ауыл» партиясының 2016 жылдан бері үзбей өткізіп келе жатқан дәстүрлі іс-шарасы. Ал ауыл жастарына қолдау көрсетіп, олардың дамуына ықпал етуді көздейтін ауыл жастарының дәстүрлі республикалық форумы биыл бесінші рет өткізілді.
Аталған жобалар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында айтылған бағдарламалармен үндес келеді. «Ауыл» партиясы ел Президенті ұсынған мемлекеттік саясатты толығымен қолдайды. Биылғы «Әділетті Қазақстанның экокнмикалық бағдары» атты Жолдауын Президенттің осыған дейінгі жүргізіп келе жатқан саяси курсының заңды жалғасы деп білемін. Еліміздегі қайта құрулар барысында мемлекетімізде іргелі оң өзгерістер орын алды. Нәтижесінде, азаматтардың билікке деген сенімі нығайып, мемлекетті басқару ісіне қатысу белсенділігі күрт артты. Жолдауда әлеуметтік–экономикалық реформаға басымдық беріліп, ауылды аймақтар мен ауыл шаруашылығына үлкен маңыз берілгені қуантады. Атап айтқанда, су мәселесіне және отандық агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелер, алдағы үш жыл ішінде ондағы өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, тозған ауылшаруашылығы техникалары паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңалап отыру бойынша тапсырмасын ауыл аймақ пен ауылшаруашылығы саласының дамуына тың серпін беретін қадам екені сөзсіз.
Сонымен қатар, Президент өз Жолдауында суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен үш миллион гектарға дейін ұлғайту керектігін айтып, аталмыш жұмыстар 2030 жылға дейін жалғасатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктеріне фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсету, ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту, ет өндірісін ұлғайту, төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттерді қойды. Шағын елді мекендерді дамытуға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін 30 миллиард теңгеге бөлінсе, алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Аталмыш қаражат шалғайдағы ауылдардағы көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалатын болады. «Дипломмен–ауылға» бағдарламасының аясы кеңейтіліп, бұл мақсатқа 20 миллиард теңге бөлінбек.
Жолдау аясында жасақталған жүйелі жоспар да, мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражат та бар. Ендігі кезекте біз Жолдауға қолдау білдіре отырып, ауылдың жағдайын көтеру, экономикамызды нығайту бағытында аянбай қызмет атқаруымыз қажет.
Нұрлан ЕЛЕМЕСҰЛЫ,
«Ауыл» партиясы атынан аудандық мәслихаттың депутаты