«Киімің таза болса – көңілің, ауылың таза тұрса – өмірің жайлы болады», «Ауылы таза ауру көрмейді, лас адам дәрігердің алдын бермейді» дейді халық даналығы. Туған жеріңнің таза тұрғанына не жетсін?! Біріншіден, ол ауылға көрік береді, екіншіден, түрлі аурулардың алдын алады.
Көктем келгенде жер-ана ұйқысынан оянып, ауылдарымыз ақ көрпесін сыпырып тастап, жасыл көйлегін киеді. Сол жасыл көйлектің ана жері, мына жері күңірсіп, қолқаны қабар исі бар мүңкіген қоқыспен, түрлі қалдықтармен былғанып тұрса, сұрқын қашырады. Ауылда көрік болмайды. Қоршаған орта бүлінсе, денсаулыққа да зиян. Осыны жақсы түсінген Орлы ауылының тұрғындары күн жылынғаннан бері ауыл, көше тазалығын сақтауға жақсылап кірісті. Бұл жұмысқа үлкен-кішісі түгел атсалысып, үлкен ұйымшылдықпен жүруде. Қанжыға участогіндегі жаға бойына дейін тап-тұянақтай тазаланды. «Ауылына қарап әкімін таны», дегендей, мұнда округ әкімі Жандос Бектеміровтің де ұйымдастырушылық шеберлігі жатыр. Бабаларымыз: «Мың қосшыға – бір басшы» деп текке айтпаған, орлылықтар бастайтын басшы болса, ерінбей, жалықпай, түрлі сылтауды алға тартпай ілесе кететін қосшылыққа жарайтын халық екенін ісімен көрсетуде. Мұнысы жас ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық өнеге. Кейінгілер алдыңғы буынға қарап бой түзейді. Бүгін біз тазалыққа енжар қарасақ, ертеңгі жастар да солай етері анық. «Анау жерде қоқыс жатыр», дегенді естісе болды Жандос Мнафихұлы дереу іске кіріседі. Қолда бар техниканы мақсатты пайдаланып отыр. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», дейді қазақ, ауыл тазалығында ауылдық мәдениет үйінің басшысы Нұрлан Өтегеновтің, округтегі мекеме ұжымдарының да үлесі зор. Туған жер жанашыры ретінде ауылдастарымның тазалықты сақтаудағы тиянақты тірлігіне ризашылығымды білдіремін.
Сонымен қатар, ауылымызды абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Терек отырғызуға келгенде әкіміміздің ықыласы ерекше. Жасыл желек жайқалып, тұрғындардың таза ауамен тыныстағанын қалайды. Жыл сайын жас талдар отырғызылып күтімге алынады. Шаруа қожалығы ретінде өз жеріме де 200 түп жеміс теректерін ектім. Жерсініп өсіп кетсе, ертең олар да ауылымызға көрік беріп, ел игілігін көреді деп ойлаймын. Бұрын аудан көлемінде алма бақтары болды ғой. Қазір жемістердің дені сырттан тасылады. Олар қашан піскені, қоймада қанша жатқаны, бұзылып кетпеуі үшін не қолданғаны беймәлім. Әйтеуір көбінде дәм жоқ. Өз жерімізде өскен жемістерге не жетсін.
Кейбір жайттар «Әттең-ай», дегізетін жайлар. Ол да тазалыққа қатысты. Ауылдастарымның айтуынша Құрманғазы ауылының кейбір тұрғындары қоқысты біздің ауылымызға жақын жерлерге тастап кетеді екен. Аудан орталығында қоқыс орны бар емес пе? Соған неге апармайды? Екіншісі, қармақ құруға келгендердің жағаға баклажка, шөлмек, қораптар, қағаз жәшіктер тастап кететіндігі. Табиғат аясында демалып, балық аулаған дұрыс, бірақ, таза тұрған жағаны қоқытпаңыздар дегіміз келеді. Сіздер тастаған қоқыстар желмен ұшып, өзенге түсіп, арнаны бүлдіреді.Жерлестерімнен сұрайтыным осыған мән беріңіздер! «Тазалықты сақтау да – зиялылықтың белгісі» деген де сөз бар.
Асқар Сатыбалдиев,
шаруа қожалығы жетекшісі.