Жақында ғана Дыңғызыл ауылдық округі әкімінің сайлауы болып, оған екі кандидат түскен еді.
Солардың ішінен жеңіске жеткен Оралбай Әзімовті орынына отырғызу рәсімі өтті. Оған аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аппарат басшысы Нұрлыбек Қалиев, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Аязов, «Құрманғазы» ӨК төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Сабыржан Сұлтанов, Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің директоры Бауыржан Бекжанов, округ әкімі аппараты ұжымы қатысты.
Шараны аудан әкімі Қайрат Талапұлы ашып:
– Қазір індетке байланысты көп адам жинай алмай жатырмыз, оны жақсы түсініп отырған шығарсыздар. Өздеріңіз білесіздер Оралбай Нұржаубайұлының 4 жыл атқарған лауазымдық қызметінің мерзімі бітіп, енді сіздеріңіздің келісімдеріңізбен, 2020 жылғы 24 қарашадағы аудандық аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен, депутаттардың қолдап дауыс беруімен және аудан әкімінің 25 қарашадағы №485 өкімімен Оралбай Әзімов Дыңғызыл ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалды. Өмірбаянымен таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар, осы ауылдың азаматы. Бұл жерге басқа жақтан мамандар әкелмей, үйреншікті ауылы болғаннан кейін сенім білдірдік. Сіздердің де қолдағандарыңызға рахмет айтамыз. Ауылда атқарылып жатқан және жасалатын жұмыстар көп. Жаға бекіту сияқты күрделі мәселе бар. Жақында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен үлкен комиссия құрылып, Дыңғызыл, Шортанбай ауылдық округтерінің бөгеттерінің жағдайымен танысты. Жыл сайын күтіп ұстау жөнінде келісілді. Одан кейін жол, шешілмей тұрған су мәселесі тұр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», деген сөз бар, осыны ауыл тұрғындарымен бірлесіп атқарады деген сенім білдіреміз, -деді.
Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Аязов та жаңа әкімді бала кезінен білетінін айтып, жұмысына жеміс тіледі. Дыңғызыл ауылдық округі әкімі лауазымына кіріскелі жатқан Оралбай Әзімов өз сөзінде көрсетіліп жатқан сенім үдесінен шығатынын, мемлекетіміздің саясатын жергілікті жерде жалғастыратынын, ауылдың өзекті мәселелерін шешуге атсалысатынын жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ