«Өренді өлкетанушы» клубының кезекті жиналысын оның төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев ашып, округтердің шежіре кітабын жазу үлгісімен таныстырды:
– Осы жиында ол кітаптардың бас редакторлары бекітілуі керек. Ол өлкетанушылардың өз арасынан немесе келісім берген басқа азаматтардан да болғанына қарсылық жоқ. Бас редактордың ұсынысымен редколлегия мүшелері бекітіледі. Алғы сөзді сол ауылдан шыққан ең беделді ғалым, еңбегі ерекше бағаланғандар жазғаны дұрыс және оның қазіргі сәтте округ аумағында тұруы міндетті емес. Қажет деп шешілсе аудан, облыс, республика деңгейінде басшылықта жүргендер қоғам қайраткерлерімен ғалымдар, ақын-жазушыларға ұсыныс жасауға болады.
Кітаптың бірінші тарауы – «Қастерлі жандар», деп аталады. Мұнда аудан энциклопедиясына енбеген ұста, аңшы, киелі жандар, өнер иесі, екінші дүниежүзілік соғыстағы, елдегі аналар жайлы жазылады. Екінші тарауына – «Ауыл шежіресіне» өткен кездегі округ, мекеме басқарғандар, бүгінде қызметте жүрген басшылар кіреді. Жалпы басшылар алқасымен бас маман, ферма меңгерушілері және басқалары өмірдерек тізімі бойынша беріледі. Ол жөнінде ереже бекітіледі. Үшінші тарауында салт-дәстүр өркениеті қамтылады. Салт пен дәстүрдің түрлері, оның округтегі көрінісі, ұлағатты жанұялар кең түрде баяндалуы тиіс. Округ энциклопедиясының құндылығы да осымен ерекшеленеді. Төртінші тарауына өнері мен мәдениеті енгізіледі,– деп клуб мүшелерінен өз ұсыныстары, алып-қосары болса айтып отыруларын сұрады. Одан әрі әр округ бойынша кітап шығаруға жауапты редакторлардың тізімін талқыға салды.
«Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі Таңатар Дәрелұлы округтер жеке шежіре кітабын шығарса аудан энциклопедиясының құны түсіп кетпей ме деген алаңдаушылығын білдіріп, сондықтан оны аз ғана таралыммен альбом тәрізді, он шақты бет етіп шығару қажет деген ұсынысын ортаға салды. Өлкетанушы Асқар Ғұмаров 120-130 беттік Сүйіндік ауылдық округінің шежіре кітабы дайын тұрғанын, Азғыр ауылдық округі де бұл жұмысты бастап қойғанын жеткізді. Аталған клубтың мүшесі Рифхат Сұлтанияевтың айтуынша Бөкейхан ауылдық округінің шежіре кітабы баспаханадан шыққалы жатыр. Жиналыс барысында Кітап шығаруға жауапты редакторлар болып тағайындалған клуб мүшелері Асқар Ғұмаров, Нұрлығайын Нұғыманов, Қадірбай Жармұхамбетов, Өмірболат Есенғазиев, Оразғали Алғаязов және басқаларының пікірлері тыңдалды.
Келесі кезекте Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов Мысыр еліне сапары жайлы әсерлі әңгімеледі. Бір кездері мәмүліктер билеген бұл елде қыпшақ Байбарысты, шеркеш Қайтпай сұлтандарды қатты қадірлейтінін, олардың аттарында көше, мектептер, аудандар барын жеткізді. Сұлтан Байбарыстың есімі қате жазылу себебінен Бейбарыс атанып кеткеніне тоқталды. Мұны араб ғалымдары дәлелдеген. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Мысыр елінде сұлтан Байбарыс орталығы ашылғанын, жалпы бұл елде мәмүліктерден қалған құндылықтар Египет мемлекетінің қарамағында, үкімет есебінен ұсталатынын қаперге берді. Өлкетанушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
«Өренді өлкетанушы» клубының жиналысын оның төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев қорытындылап, «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» атты аудан тарихын қамтитын тарихи-танымдық кітаптың үшінші томы жинақталып, Ақтөбе қаласындағы баспаханаға тапсырылғанын қаперге берді.
Қанат ҒҰМАРОВ