Аудан әкімі Абат Жанғалиев орынбасарларымен, бір топ бөлім басшыларымен Кудряшов ауылдық округінде болып, өр суынан қорғау жұмыстарымен танысты.
Бұл округке Кудряшов, Арна, Жаңа ауыл елді мекендері қарайды. Жаға бойында бір топ жастар мен оларға көмекке келген Ер Қосай шекара бекетінің шекарашылары қураған теректерді кесуде. Енді бір тобы бөгет астынан шұңқырлар қазып, соқалар көміп жатыр. Бөгет бекіту жұмыстарымен айналысып жатқан тұрғындар аудан басшысынан қаптармен, топырақ төгетін техникалармен көмектесуін өтінді. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы 1 мың қап және 10 «Шахман» көліктерін бөлуге уәде берді.
Округ әкімі Эльмира Хайруллина қолда бар техникаларды үш ауылға бөліп тастағанын жеткізді. Арна учаскесін бекіту үшін шағын топырақ тиегіштер сұрады. Ауылда орналасқан орман шаруашылығы мекемесі де ортақ істен шет қалмай бөгеттерді бекіту үшін ағаштар бөліп отыр.
Ауыл тұрғыны Әділет Өтеғұлов:
– Қазір бөгеттерде 100-ге жуық жастар жүр. Әркім қай жерде жұмыс істеу керектігін біледі. Бірақ, ең бірінші кезекте осындай ауыл үлкендері тұратын жаға бойларын бекітіп жатырмыз. Себебі, су бір жерден жарып өтсе бәрін басады, – дейді.
Жастар бұл жұмысты 10 күнде бітіреміз деген сенімде. Округ әкімі Эльмира Хайруллина үлкен ұйымшылдық танытып жатқан ауыл тұрғындарына дән риза:
– Бөгеттерді бекітуді үш ауылдың жігіттері бөліп алды. Бүгін округ көлемінде үш «Камаз» бен бір тиеуші трактор жұмыс жасап жатыр. Қаптар келгенше оны демеушілікпен де жинаудамыз. Тұрғындардың өз қорларынан жанармай мен жағармайға қаржы да бөлуде. Келіп ақылдасып, бірлесіп жұмыс жасайды, – дейді.