С. Мұқанов атындағы орта мектепте өткен «Тарих тұнған Көптоғай» атты тарихи-танымдық кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Алдымен қатысушылар мектеп мұражайын тамашалап, ондағы жәдігерлермен танысты.
Білім ұясының акт залында өткен шарада кітап авторы, мектеп директоры Күнсұлу Сүйінованың өмірбаяны мен еңбегі жайлы қысқаша бейнетүсірілім назарға ұсынылды. Алматы қаласының «Принт-плюс» баспасынан жылтыр қағазға басылып шыққан, 307 беттік жаңа кітап «Қастерлі жандар», «Ауыл шежіресі», «Салт-дәстүр, өркениет», «Өнер мен мәдениет», «Жер, су, көл атаулары» атты бес тараудан тұрады.
Салтанатты шараны Көптоғай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрланұлы ашып, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың авторы, мектеп директоры Күнсұлу Сүйінова мен ұстаз Қамажай Қарабалаеваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Кітап лентасын қию құрметі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өренді өлектанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновке тиді.
Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов: – Өмірзақ Қажымғалиұлы бұл шығарманы сіздің ерен еңбегіңіздің жалғасы, соның бір көрінісі деп айтуға әбден болады деп есептеймін. Сіздің өлкенің тарихын зерттеу, осы жерге еңбегі сіңген адамдардың есімін ұлықтау, жер-су аттарының тарихын зерделеу, оны келешек ұрпаққа жеткізу жөніндегі ұланғайыр ісіңіз бүкіл Қазақ еліне үлгі деп айтуға болатындай дүние. Бүгін «Тарих тұнған Көптоғай» кітабын қолымызға ұстап тұрмыз. Бұл кітаптың іздеушісі, оқушысы әр уақытта табылады. Ол бүгінгі ортамызда жүрген адамдар ғана емес, бізден кейін өмір сүретін ұрпақ үшін құнды қазына, – деп кітапты дайындағандарға, оған демеушілік жасағандарға қаламдарыңыз ұштала берсін, жазарларыңыз көбейсін, дендеріңіз сау болсын деген тілегін жеткізді.
Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев «Киелі мекен, қасиеттi өлке – Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кітабын шығаруға белсене араласқан, бүгінде өмірде жоқ редакция алқасы мүшелері Ғаділхан Қалиев, Сағынжан Рахимов, Орынғали Құмарғалиев, Қадырбай Жармұхаабетовті жылы лебізбен еске алып, қатысып отырған «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелерін таныстырып, аудандық мұражайдың басшысы Жазира Хайрошеваның еңбегіне тоқталды.
– Бірінші томын шығарғанда қаржыдан көп қиналғанда қолдаған мына Сәрсенбай Құрманұлы! Үшінші томына осында қатысып отырған Сайфолла Сүйіновтің шаңырағын ұстап отырған ұлы Мақсот көмектесті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді, бүгін осы кітапқа да көмектескенін естіп отырмын. Кітапты қарап шықтық. Бұл әдеби шығарма емес, тарихи танымдық кітап. Ел азып, ұрпақ тозып кетпесін, кейінгі ұрпаққа ізімізді қалдырайық деп жұмыстанғандары көрініп тұр, – деп кітап алға қарай республикалық, облыстық музейге, кітапханаға, архивке берілетінін жеткізді. «Өренді өлкетанушы» клубының Құрмет грамотасымен Мақсот Сүйінов, Сәуле Ержаханова, Нағима Мұратова, Гүлден Қарабалаева, Гүлден Мусинаны марапаттады.
Округ әкімі Бауыржан Нұрланұлы кітаптың шығуына қаржылай қолдау көрсеткен Мақсот Сүйіновке Алғыс хатын табыстап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов автор Күнсұлу Сүйінованың өңіріне «Саттар Имашевке 100 жыл» төсбелгісін тақты. Мектеп ұжымы атынан Тілекші Зиятқызы Құттықтау хатын ұсынып, ардагер ұстаз Сипат Ибраева сөйлеп, ризашылықтарын білдірді. Соңында кітап авторы Күнсұлу Сүйінова кітаптың қалай жазылғаны жайлы әсерлі әңгімелеп, материалдарды жинауда көмектескендерге, бірге дайындағандарға алғысын айтты. Шара барысында Зүлфия Мәлікқызы, Ерболат Жаңбырбайұлы, Нағима Әбдітәліқызы әсем әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қанат ҒҰМАРОВ