Ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында бес айдың қорытындысы бойынша 4%-дық өсім тіркелуі – еліміздегі аграрлық сектордың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Төрт айдағы 3,9% өсіммен салыстырғанда динамиканың оң бағытта жалғасуы – бұл саланың тұрақты даму үстінде екенін білдіреді.
Аймақтар бойынша Атырау облысының (+10,4%), Солтүстік Қазақстан (+7,5%) және Ақмола облысының (+6,5%) жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі – мал мен құс шаруашылығында тиімділіктің артқанын аңғартады. Сонымен қатар, Түркістан (+6,3%) және Абай облыстарында (+3,6%) да жақсы қарқын байқалады. Қостанай облысында жұмыртқа өндірісінің айтарлықтай (+4,8%) өсуі – құс шаруашылығы бағытындағы оң өзгерістердің нәтижесі.
Бұл көрсеткіштер – ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің, агросаладағы технологиялық жаңартулардың және мемлекеттік қолдаудың нақты жемісі. Осындай нәтижелер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауылдық өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беретіні сөзсіз.
Әділет АМАНГЕЛДІ