Ауыл сахнагерлерінің «Сыған серенадасы»

(0 Votes)

Жан-дүниеңіз тыныштық тауып, бір сергіп қалатын жер – ол театр. Театр – өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін сахналық өнердің бір түрі. Егемендік алған еліміздің еңсесін тіктеген тұсында әр ауылдарда халық театрлары құрылып, мәдени өмірімізге үлкен өзгерістер әкелгені белгілі.

Солардың бірі - «Өнерпаз» ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Орлы» халық театры. Ерекше екпінмен бастаған өнер ұжымы(театрдың режиссеры Ануарбек Қартжанов, қоюшы-режиссеры Нағима Хасанова) 10 жылға толар толмас уақыттың ішінде бірнеше қойылымдарды сахналап, өз көрерменін тауып үлгерді.

Әсіресе ақын, драматург Исраил Сапарбайдың қазақ вальсінің королі атанған әйгілі Шәмші Қалдаяқов пен сыған қызы Изольданың арасындағы махаббат ұшқыны баяндалатын «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын театр сүюшілер жылы қабылдады. Нәзік сезім мен романтикаға толы туынды композитордың  осы аттас ән желісі бойынша сахналанды. Театр десе ішкен асын жерге қоятын ел ішіндегі дарынды жастар мен түрлі өнерпаздардың  басын біріктірген ұжым қойылымды көрермен назарына ұсынуда біраз тер төккені көрініп тұр. Әртістер мен бишілер тобының шеберлігі, гример, костюм тігуші, музыка қоюшы, жарық беруші сияқты мамандардың үндескен еңбегін айта кеткен ләзім. Шәмшіні – Ербол Зұлхарнаев, Изольданы – Айнамгүл Нұрғалиева, сыған баронын – Ануарбек Қартжанов, баронның анасын -  Нағима Хасанова шебер сомдап шығарды. Қосалқы рольдердегі театр әртістері Серік Мәдиев, Қадыржан Қапсихов кейіпкерлерін нанымды сомдай білсе, биші қыздар Әсел Қапизова, Ванура Машқалиева, Ақмарал Нұрымова, Әсел Мырзатаева, Айнагүл Қибаевалар ойнақы билерімен сахна шырайын келтіріп отырды. Музыкамен көркемдеуші Бақытжан Бекжановтың да әнмен әрлеудегі еңбегі зор.

Сәтті шыққан туындымен өнер ұжымы ауданымыздың көптеген елді мекендерінде болды. Жақында іргелес жатқан Исатай ауданның Жанбай, Зинеден, Исатай ауылдарында болып, көршілерге тамаша көңіл-күй сыйлап қайтты. Аталған гастрольдік шағын сапар Орлы ауылының әкімі Жандос Бектеміровтің, «Өнерпаз» ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрлан Өтегеновтің үлкен қолдауымен мүмкін болды. Түгелдей ауыл тұрғындарынан құралған шығармашыл ұжымның бұл қадамы төл өнерге деген адалдықтың, сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.

Анығын айту керек, халық театрында өнер көрсететін әртістердің басым көпшілігі кәсіби маман емес. Туа бітті бойындағы өнерлері арқылы киелі сахнаны серік еткендерсіз ауылдық деңгейде өтетін өтетін мерекелік сауық кештерін, түрлі мәдени шараларды көзге елестету мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда олардың өнер үшін жасап жүрген жанкешті еңбегі ұшан-теңіз екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы ретте шығармашыл ұжымға «халық театры» деген атаққа сай болып, талғампаз көрерменін саф өнермен сусындата берсін деген тілектеміз. Жанға шуақ сыйлар жаңа репертуарларыңыз көп болсын!

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT