АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ АШЫЛМАҚ

(0 Votes)

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керектігін айтты. Осы орайда, мен де екі жыл бұрын Жыланды ауылында тоған шаруашылығын бастаған кәсіпкер ретінде өз ойымды білдірсем деп едім...

«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл сөзіне толықтай қосыламын. Себебі, ауыл – бар берекенің бастауы және отандық экономиканың «қарашаңырағы» екенін естен шығармаған жөн. Осы орайда, мен өткен жылдың жазында Африкадан кларий жайындарының шабақтарын өсіру бойынша эксперименттік жобаны жүзеге асырдым. Оның нәтижесі мені жігерлендіре түсті. Бұл балық қарапайым күтімімен және тез өсуімен ерекшеленеді. Бүгінде балықтың бұл түрі Еуропа мен ТМД елдерінде де көп өсіріледі. Мен Ақтау қаласынан ерекше балықтың шабақтарын сатып алдым. Сөйтіп, тәжірибелік мақсатта салмағы 2,5 грамм, ұзындығы 1,5 сантиметр болатын 25 мың шабақ алдым. Оларды екі тоғанға салып, күнделікті тамағын беріп, күтіп-баптадым. Нәтижесінде, айналдырған бес айдың ішінде әлгі шабақтар 800 грамнан 1,5 келіге дейін тәп-тәуір салмақ жинап алды. Ауа райы ыстық жерден шыққан балық біздегі салқынға төзімсіз келетіні айтпаса да түсінікті жайт қой. Тиісінше, шабақтарды да маусым-қазан айлары аралығында өсірдім. Балық өнімдерінің бәрі де ел аумағында және көршілес Ресейде өз тұтынушысын тапты. 

- Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Бұл – біз секілді ауыл кәсіпкерлеріне ауадай қажет мүмкіндіктер. Біздің шаруашылық балық өңдеумен айналысады. Яғни, біз жергілікті балық аулау кооперативтерінен су маржанын сатып аламыз да, одан кептірілген, тұздалған және мұздатылған балық өнімдерін жасап, саудаға шығарамыз. Болашақта біз терең өңдеумен айналысып, дайын өнімдерді сатылымға шығарғымыз келеді. Соның бір айғағы, Атырау өңірінде алғашқы болып Құрманғазы ауданында африкалық жайын балығын өсіруді қолға алып жатрмыз. Сонымен қатар, біз тұқы балығын өсіруді де жоспарлап отырмыз.

Егер мемлекеттік қолдау арта берсе, онда тоған шаруашылығымен айналысушылар да көбейе түсетіні анық.

Болат Абдолов,

кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT