Қазақ үшін ауыл қашан да құтты мекен. Ауылдарымыз дамыса, еліміз де өркендейді. Қазіргі күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарымызға жасап отырған қолдауының нәтижесінде елді мекендеріміз заманауи бейнеге еніп кескін-келбеті айшықталып, сән-салтанаты арта түсуде.
Солардың бірі Бірлік ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылы. Мұнда 2024 жылдың 2 қазан күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 13 маусымдағы №11-03/Б-1080 «Шекаралас ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі жедел шаралар» туралы тапсырмасына сәйкес, «Атырау облысының шекара маңындағы ауылдарын дамыту бағдарламасы» бойынша «Батыс Альянс Строй» ЖШС арқылы ауылға көрік берген елді мекен атауы – «Амангелді» белгісі орнатылды. Туымыз түстес тақтаға алтын түстес әріптермен жазылған атау мен бір шетіндегі шаңырақ белгісі – бірлік пен берекенің көрінісіндей үйлесім тапқан. Ауылға кіре бергенде бірден көз тартады.
Шағын елді мекенде 80 үй, 412 тұрғын бар. А.Иманов атындағы негізгі мектеп, фельдшерлік амбулатория орналасқан. Ауыл тұрғындары көк айдыннан ырысын терген майталман балықшылар.