Ауыл әйелдеріне – толайым мүмкіндік

(0 Votes)

«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді.

Әсіресе, кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Ауданымызда кәсіпкер әйелдердің үлесі 46,1 пайызды құрайды. Олар Үкімет тарапынан көрсетілген көптеген қолдауларға ие болуда. Атырау облыстық аграрлық несие корпорациясы арқылы «Іскер», «Бизнес аймақ», «Агробизнес» бағдарламалары бойынша жыл басынан 8 кәсіпкер 42,0 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Бұл туралы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зоя Жағпарова хабардар етті.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасановтың төрағалығымен өткен жиында комиссия мүшесі Зәмзагүл Карсакова ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстарды әлде де жандандыру, түсінік жұмыстарын кеңейту туралы ұсыныс жасады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева «Инклюзивті білім беру. Ерекше балалардың мәселелерін шешу бағытында атқарылған шаралар» туралы баяндап, ауданда логопед, дефектолог мамандарының жетіспейтінін, тактильді жолақтар барлық мектептерде орнатылмағанын жеткізді. Аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Арсен Қибашев кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шараларына тоқталды.

2022 жылы және биыл жасөспірімдер арасында мұндай қайғылы жағдай орын алмағанымен 2021 жылы 1 суицид тіркелген. Полиция қызметкерлерінің мән жайды тергеп-тексеру барысында кәмелетке толмағанның «Free Fire» құмар ойынына әуес болғандығы, бірнеше рет отбасы мүшелерінен ақша сұрағаны белгілі болды. Комиссия отырысында оқушылардың ұялы телефондарында ата-аналық бақылауды күшейту, құмар ойындарды жүктеуді шектеу мәселелері ұсыныс етілді.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT