Құрманғазы ауданында өткен 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 270 млн теңге көлемінде қаржы игеріліп, 36 азаматтың несие алуға жолдаған өтінімдері мақұлданған, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүруде.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Құрманғазы ауданы Нұржау ауылдық округі тұрғыны Ботагөз Нұрмаханбетқызы несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінде жас кәсіпкердің жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданды. Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында ауылдан «Райхан» азық-түлікке арналған дүкен ашу бойынша 8,5 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдап, нәтижесінде қаржы берілген.
– Кәсібімізді одан әрі дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмен пайызбен несие алу арқылы, қажетті құрылғылар алдық. Дүкенде ауыл тұрғындарына маңызы бар тағамдар қойылған. Жеке кәсіпкердің басты мақсаты – халық сұранысын қанағаттандырып, баға тұрақтылығын сақтау. Осы бағытта жұмыстанамыз, - дейді жас кәсіпкер Ботагөз Жүнісова.
«Тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында аудан тұрғындары кәсіптерін дамытуды қолға алуда. Жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы тарапынан барынша демеу беріліп, құжаттарын жасақтауға көмектесіп жатырмыз,»- деді өз сөзінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Нұрдәлет Дарелов.