Ауданымызға Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі, қазақстандық мемлекет қайраткері Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов арнайы іссапармен келіп бірнеше шаруашылықтарды аралады.
Лауазым иесі аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповпен бірге Мақаш ауылдық округіндегі «Құбашев Е» шаруа қожалығынан бастады. Ауыл орталығындағы азық-түлік дүкеніне бас сұққан Ералы Тоғжанов мұндағы азық-түлік өнімдерінің көбі Ресейден әкелінгенін көріп, қияр, асқабақ сияқты өнімдерге сұраныс бар, неге жергілікті жерден қалбырланып тұрғындарға ұсынылмайтынын сұрады. Ауылдағы 50-60 адам келетін туристік базаға барып, жағдайымен танысты.
Іссапар барысында премьер-министрдің кеңесшісі, мемлекет қайраткері Ералы Тоғжанов «Сандуғаш» шаруа қожалығында болып, егін алқабын аралап, шаруашылықтың жұмыс барысына көңілі толатынын жеткізді. «Құрманғазы сервистік дайындау орталығы» АШӨК-де болып, басшысы Бержан Кенжебаевпен сұхбат құрды. Нысанды аралып, жасалып жатқан ет өнімдері түрлерімен танысты. Лауазым иесін сөзге тарттық.
– Ералы Лұқпанұлы ауданымызға сапарыңыздың барысы жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Бүгін Құрманғазы ауданында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру деңгейін қарастырдық. Біраз жобалар ауданда жүзеге асуда. Кемшіліктер де жоқ емес. Оны бүгін 19 ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен талқыладық. Ең үлкен сұрақтың бірі қазір осы аудан, ауыл деңгейінде арнайы әлеуметтік-экономикалық жоспарларды қабылдау әлі күн тәртібінде тұр екен. Соны жүзеге асыру жолдарын талқыға салдық. Биыл Қазақстан бойынша 50 миллиардтай ақша бөлінеді. Оған ауданның, әрбір ауылдың дайындығы қандай соған байланысты жобаларды бірге қарастыратын болдық. Сонымен қатар біраз шаруашылықтарды араладық. Оның ішінде бақшамен айналысатын Асылбек («Сандуғаш»ШҚ) деген азамат бар екен. 350-400 тоннаға жуық өнім шығаратын аудандағы ірі кәсіпкерлердің бірі. Пайда түскеннен кейін егіс алқабын үлкейтіп жатыр. 10 жасар бала жұмыс жасап жүр. Мұның өзі біріншіден пайда табу, екіншіден ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, үшіншіден балаларды еңбекке баулу. Ауданда ауылдың өзін-өзі қамтамасыз етуі, артық өнімдерін сатып кірістің, табыстың көзін арттыру, жұмыс орын құруға арналған үлкен жобаның куәсі болдық. Сонымен қатар тауарлы-несие жобасы Құрманғазы ауданында алғашқы қадамын бастады деп айта аламыз. Бизнес өкілі Есболат деген азамат жағдайы төмен, үш баласы бар жалғызбасты анаға тауарлық кредитті, бес жылқысын беріп, осы жобаны бастап кетті. Сондықтан алға қарай тек Құрманғазы ауданы ғана емес, Атырау облысы бойынша бұл жоба жүзеге асады деген сенімдеміз, рахмет!
Қанат ҒҰМАРОВ