«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруда ведомствоаралық байланыс тығыз болуы керек. Бұл туралы Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты өткен жиында айтылды. Жұмыс сапары аясында алдымен Ералы Лұқпанұлы аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасановпен бірге ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, кооператив төрағаларының басын қосып, кеңес өткізді.
«Ауыл аманаты» ауылға бағытталған бағдарлама екен деп өзге құзырлы органдар ысырып қойып қарап отырмауы керек. Мәселен, бағдарлама аясында өтінім беруші жоба жасап несие алуға өткізбес бұрын, ауыл әкімінің стратегиялық жоспары болуы шарт. Сондай-ақ аудандардың экономика бөлімдері ауылдың қажетін, сұраныс пен ұсыныстың қандай болу керегін, жоба жүзеге асқан соң оның өнімін кімдер тұтынатынын, өнім қайда сатылатынын талдауы керек.
– «Ауыл аманаты» – ауылды сақтауға, ауылдықтардың жағдайын жақсартуға бағытталған үлкен жоба. Жоба аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, туризм және техникалық жабдықтау бағыттарында табысты жұмыс істеуі тиіс. Үкімет тарапынан бөлінген қаржы жаңа жобаларды іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының табысын арттыруға нысаналы түрде бағытталуы қажет.
Сырттан әкелініп жатқан азық-түлік – елден кетіп жатқан қаржы. Сондықтан шамамыз келгенше сол өнімдерді өзімізде шығару керекпіз, – деді Е. Тоғжанов.
«Ауыл аманатының» мақсаты – ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешу, ауылдықтарды отандық өнім шығаруға жетелеу. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жобаның өңірдегі нәтижелерін баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.
- 2023 жылы жоба бойынша ауылдық округтердің экономикалық көрсеткіштері зерделеніп, ауыл тұрғындары арасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауылдық округтерден 35 адам 2,5 пайыз есебімен әр сала бағыттары бойынша 266 млн. 084 мың теңге жеңілдетілген несиесіне қол жеткізді. Салалар бойынша тоқталсақ, мал шаруашылығына 29, техника алуға 3, өңдеу жабдығын алуға 3 адам алды. 2024 жылы қаражат болмауына байланысты несие берілген жоқ.
- Жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудандарға қарасты ауылдық елді мекендерге талдау жүргізіліп, ақпараттары «Amanat» партиясына жолданды.
Скрининг жүргізу бағыты мал және егін шаруашылығы саласы негізінде өткізіліп, 19 ауылдық округ қатыстырылды. Негізінен мал шаруашылығы бойынша мамандануы жоғары болып анықталды.
2025 жылы «Saifullah – Production Kompany» жемді қиыршықтап (гранула) өңдеп, витамин, минерал қоспасымен байыту жобасы бойынша 27 850 000 теңге несиеге қол жеткізді. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алуға 200-ге жуық ниет білдіруші аудан тұрғыны тіркеліп тұр, Негізгі проблема, ол қаржыландыру ашылмай тұр, - деді.
Ералы Тоғжанов жобаға қатысқан жамбылдықтардың жемісті жұмысын жоғары бағалап, өзекті мәселелерді кеңес барысында жіпке тізді.
– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз ету қажет. Атқаратын жұмыс көп. Шаруалар тек қана малшаруашылығымен айналыспауы керек. Ауылдықтардың өзге де кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс. Оның ішінде жылыжай салып, түрлі көкөністерді өсіруге және құсшаруашылығын дамытуға күш салу керек. Күнделікті тұтынатын өнімді өзіміз қамтып, әрбір аула – әр азаматтың жұмыс орнына айналуы тиіс , – деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет басшысының кеңесшісі «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие беру мәселесін көтеріп, өзге өңірлердегі шаруа қожалықтарының жұмысын үлгі ретінде таныстырды. Ол ауылды өркендету ортақ міндет екенін алға тартып, жауаптыларды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Айнагүл Шакупова