Республика күні қарсаңында Ресеймен шекаралас ауыл тұрғындарының көптен көтеріп жүрген ұсынысына орай Атырау облыстық мәслихатының шешімімен ауданымыздағы Байда ауылдық окургі Бөкейхан ауылдық округі, округтің орталығы - Котяев ауылы Бөкейхан ауылы болып өзгерді.
Бұл мәселе тұрғындар жиынында жиі қозғалғанын айтқан аталған округтің әкімі Жүсіп Төреғалиев ауыл атауын өзгерту мәселесі тұрғындар арасында көптен бері айтылып жүр, ауыл мен округтiң атауын өзгерту мәселесі қозғалған жиында ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері мен тұрғындардан екі ұсыныс түсті деді. Оның бiрiншici – Котяев атауын Бөкей хан деп өзгертiп, округтiң атауын бұрынғыша қалдыру. Ал, екінші ұсыныста округке де, ауылға да қазақтың бiртуар тұлғасы Бөкей ханның атын беру айтылған. Атырау облыстық мәслихатының депутаттары ауыл тұрғындарының екінші ұсынысына қолдау білдірді. Сөйтіп, округке де, ауылға да Бөкей хан атауын беруге шешім қабылдады.
Қазақ халқының тарихында оның ертеңі үшін алаңдап, елдің тұтастығы үшін тер төккендердің бірі де бірегейі болған Бөкей Нұралыұлының (1748-1815 жж.) орны бөлек. Ол – Кіші жүз ханы Нұралының төртінші ұлы, Әбілқайыр ханның немересі. Бөкей Нұралыұлы туралы алғашқы деректер ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы құжаттарда кездеседі. ХVІІІ ғасырдың 90-жылдарындағы мұрағат құжаттарынан Бөкей сұлтанның тұлға ретінде қалыптаса бастағандығын байқаймыз. 1797 жылы қазанда Айшуақ сұлтан таққа отырып, ал Бөкей Нұралыұлы хан кеңесі төрағалығына бекітіледі. ХІХ ғасыр басында Бөкей сұлтан Еділ-Жайық аралығын иелену мүмкіндігі пайда болғанын есепке алып, бар күшті патша үкіметімен келісімге жұмсайды. І Павелдің 1798 жылғы 23 тамыздағы Нарын құмында көшіп-қону рұқсатын қанағаттандыру туралы жарлығын заңдастыруға, не болғанда да қазақ руларын өзі бастап көшуге әрекет етеді. Бұл туралы Ресейдің Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты деректерінде сақталған.1801 жылдың 11 наурызында Бөкей сұлтан патша үкіметінің рұқсатына ие болады. Осылайша Бөкей сұлтан ұстанған бағытына тиянақты дайындалып, жыл соңына таман, яғни, 20 желтоқсанда, негізінен, өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге де шаңырақтары жаңа қонысқа ат басын бұрады.
Белгілі тарихшы-ғалым, жерлесіміз Өтепберген Әлімгереев Бөкей ханның өзі басқарған өңірдің адамдарының дәулетті, жері бай, көлемі кең, еншісіне сай еркін жайлап, қоныстануын қалағанын жазады. «Ол Орал әскери кеңесіне, Орынбор генерал-губернаторына, орыс патшасының өзіне 1803, 1806, 1807, 1808 жылдары Ішкі Орда қазақтарына тұрақты жер бөліп беру жайлы арызданып, хат жазды, мәселе қойды. Бірақ отарлаушылар үшін қалай дегенде де отыз жыл бойы адам ізі түспеген иен дала енді таза байлық көзіне айналды. Төрт түлігіне қоса жүн, тері, басқа да ырыс қайта оралды. Осы кезде, яғни 1806 жылдың 19 мамырында «Көшпелі халықтарға жер бөліп беру тәртібі ережесіне» сай біз әңгіме жасап отырған «Кіші қайсақ ордасының» территориялық жер көлемі бұрынғы Кіші және Үлкен, немесе жергілікті халық атайтын Қара, Сары өзендерге қоса Боғда тауы, Еділ сыртына дейін өсті. Арқаға ұлық қаққанға мәз болатын қазақ сұлтанына патша 1812 жылы «хан» атағын беріп, өңірге тағатын алтын медалін қоса тапсырды. Тегінде жергілікті халық Бөкей хан турасында еш уақытта ғайбат сөз айтып, терісқабақ танытпайды. Қайта «Ол өз заманында сауатты, заман ағымын жақсы түсінген көреген адам болған. Көршілес орыс елінде етек алған отырықшылық, елді сауаттандыру, жаңа мәдениет, жаңалыққа көп көңіл бөлген. Кейіннен дәстүрге енген көп бөлмелі қарағай үйлер мен шикі тастан соғылған тас қыстаулар сол Бөкей заманында салынып, қолға алынды» деп отырады. Бірақ, осы сынды алдымен хандық тақ, ғажайып даңқты аңсаумен бірге туған халқының болашағы көбірек алаңдатқан Бөкейдің хандық ғұмыры ұзаққа бармады. 1815 жылғы 21 мамырда шикі судан жұғатын бөсір ауруына шалдығып, аз күнде қайтыс болды».
Осылай қазақтардың Еділ бойына қоныстануына ерекше еңбек сіңірген Бөкей хан халқымен қайта қауышты. Біраз жылдар бойы тойланбай келген Республика күні қарсаңында 23 қазан күні жаңа есімді иеленген Бөкей хан ауылында ұлан-асыр той өтеді.
Айбек НӘЖІМОВ