Ауру таратып жақындарымызды азапқа салмайық

(0 Votes)

Коронавирустың – қатерлі індет екені, өзге жұқпалы аурулардан тез тарайтыны қаншама рет айтылып та, жазылып та жатыр.

Бұл рак, СПИД, туберкулез сияқты дерт болса Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жарияламас еді. Шалғы орақ шөпті қалай қиса бұл да адам өмірін дәл солай қырқатындықтан осындай шұғыл алдын алу шаралары жасалып отыр.

Әйтпесе, билік басындағылар сауатсыз емес, жұмыс сағатын шектеп немесе қашықтан жұмыс жасауды енгізу экономикалық жағынан алғанда тиімсіздігін жақсы біледі. Қазақстан өзі үшін ақша емес, азаматтарының өмірі қымбат екенін осы ісімен дәлелдеді. Біз ше? Өзіміздің өмірімізді қорғауды мақсат тұтқан биліктің қолынан жұлқына шығып отқа секіргелі тұрғандаймыз.

Ең қарапайым нәрсе дүкендерге, банкоматтарға барғанда ара қашықтықты да сақтамаймыз. Бірімізге-біріміз тым жақын тұрғанда алдымдағы немесе артымдағы адамның коронавируспен ауырмайтынына кім кепілдік береді?! Аталған дерттің белгісі сол бойда шықпайды ғой. Жұқтырып алғанын өзі де білмеуі мүмкін. Ертең ол анықталғанда оның қасында болғандар іздестіріледі. Табылмаса оның ауруы асқынып, басқаларға да жұғады. Коронавирус қателікті кешірмейді. Италия сақтық шараларын сақтамағаннан бармағын тістеді, бір күнде мыңға жуық адам өлген. Осыны естен шығармағанымыз дұрыс. ​

Бүгін де банкомат алды толған халық. Әрине, кім-кімге де қаражат керек. Айлығын, жәрдемақысын, бала ақшасын алуға келгенін түсінеміз. Бірақ, «Басты байлық - денсаулық» емес пе ағайын?! Ендеше, неге ара қашықтықты сақтау қажеттігін ойламаймыз? Ауру жұқтырып алып өзімізді де, маңымыздағы жанымызға жақын адамдарды да азапқа салғаннан не ұтамыз? «Бұйырған кетпес», дегендей кезекті сақтап тұрсақ та тиісті қаржыны аламыз ғой. Үш банкомат жұмыс жасауда. Бір-бірімізге тақалып тұрғанда да бәрібір бізді ешкім кезексіз өткізбейді. Аудан әкімдігіндегі Жандос Бектеміров бастаған азаматтар тұрғындарға сақтық шараларын сақтау қажеттігін айтқанымен, «Баяғы жартас, сол жартас». Полиция қызметкерлері келіп, банкоматқа адамдарды шектеп жібергенде де банк алдына келгендер бәрібір сол маңда шоғырланып тұрды... ​

«Халық Банк» АҚ аудандық филиалы банкоматы алдында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ортақ жұмысқа өз үлесін қосып жүрген Еділбай Аюпов басқаратын аудандық «Дезинфекция» ЖШС-не халық дән риза.
Серіктестіктің қызметкері Бекболат Қаражановтың айтуынша шашылып жатқан дизқоспа ауада сегіз сағатқа дейін сақталады. Дезинфекция жұмыстарын жасауға қолданылып жүрген Германияда жасалған ыссы тұман түзетін «ТФ-35» аэрозолды генераторы. Кезінде 500 мың теңгеге алыныпты, қазір бағасы миллионнан асады екен. Осындай жұмыстарға таптырмайтын құрал. Тек 15 минут сайын шөлдеп кетіп, жанармай сұрайтыны болмаса.

Сол күні «Дезинфекция» ЖШС қызметкерлері Құрманғазы алаңын, онда тұрған отырғыштарды түгелдей залалсыздандырып шықты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521