Елімізде індет қайта өршіп, науқастардың саны күрт өсті.
«Жығылғанға жұдырық» демекші, коронавирустың тез таралатын жаңа түрі «үнді штаммы» республикамыздың бірқатар өңірінен табылып үлгерді. Атырау облысының Бас санитариялық дәрігері Мәдениет Танауов жұқпалы ауру аймағымызда алынған 43 сынаманың 18-нен анықталғанын мәлімдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, «Дельта» әлемнің 200-ге жуық елінен байқалған. Оның инкубациялық кезеңі де алдыңғылармен салыстырғанда 2 есе қысқа, яғни вирустың бұл түрі үлкенге де, кішіге де қауіп. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты карантин талаптары да күшейтілді. Ұзақ уақыт бойы жұмыстары тұралап, енді ғана ес жиып, еңсесін тіктей бастаған нысандардың қызметі қайтадан шектелді. Кейбірінің есігіне қара құлып біржола салынды. Бірақ, әлемді абдыратып тастаған індеттен біздің халық әлі сабақ алмаған сыңайлы. Себебі кесел кеулеп, карантин күшейтілсе де жалпақ жұрт қонақ шақырып, той жасаудан тыйылмай тұр. Аудан әкімінің 2021 жылғы 17 мамырдағы №170 өкімімен Құрманғазы ауданы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі Құрманғазы өңірі, Қиғаш өңірі және Азғыр өңірі болып 3 мониторингтік топ қайта құрылды. Жыл басынан 15 646 объектілерге рейд жүргізіліп, 32 карантиндік шектеу шараларын бұзу фактілері анықталып, аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Соның ішінен 27 тұлғаға әкімшілік жаза қолданылып, 3 жеке тұлғаға қатысты материалдың толық болмауына байланысты кері қайтарылып, 2 тұлғаға қатысты материал қаралуда. СЭС Басқармамен қаралған 27 әкімшілік істің 25–не ҚР ӘҚБтК-нің 425 бабының 1 бөлімімен әкімшілік шара алынып, (3.199.949 тенге) айыппұлдар салынды. (Олардың ішінен 5-і жеке кәсіпкерлерге (2.281.094 тенге), 20 жеке тұлғаларға (918.855 тенге) айыппұл салынды). Оның 1 жеке кәсіпкерге салынған әкімшілік ісі аудандық сот шешімімен қысқартылды. Ал, 2 жеке тұлғаға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Коронавирус жұқпасының қазіргі жағдайы бойынша аудан әкімдігінің, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және аудандық аурухананың жауапты тұлғаларымен ZOOM платформасы арқылы түсіндірме жұмыстары (брифингтер өткізу, адамдар көп шоғырланатын жерлерде видео-аудиороликтерді трансляциялау, жадынамалар тарату, билбордтар орналастыру) үнемі жүргізілуде.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, әрбір азамат осындай қиын кезеңде төзімділік танытып, жағдайға түсіністікпен қарап, бүгінгі індеттің алдын алуға бағытталған талаптарға бағына білсе екен дейміз. Шынтуайтында, денсаулық - адам баласына берілген ең ұлы аманат.
Еркеназ Қалижан
Сурет ашық дереккөзден