Қауіпсіз өмірге оралу - өз қолымызда

(0 Votes)

Бір мезетте әлемнің тыныштығын соғыссыз бұзып, өткен жылы Қытай тұрғындарының түсініксіз ауруға шалдыққаны анықталған кезден бастап, жұқпалы аурудың ылаңы тыйылмай тұр.

Күншығыс еліндегі ахуалды алғашқы кезде әлемдегі жантүршігерлік жаңалықтардың бірі деп ойладым. Алайда, қазір басыма түспесе де, бұл індет мені психологиялық түрде шаршатты. Себебі, бұрынғыдай қоғамда еркін өмір жоқ. Отбасылық және қызметтегі жоспарлардың жүзеге асырылуына кедергі болды.

Шыны сол, өз басым жарты жылдың үстінде індетке сенімсіздікпен қарап, бетперде тағуды да артық деп жүрдім. Кейін жағдай ушыға түсті. Әлемді жайлаған індеттен талай жанның бақилық болғаны көңілге қаяу түсірді. Тіпті, жаманат хабарларды естігенде қорқып, үйден ешқайда шыққым келмей жүрген кездер де болды. Ахуал қазақ елінің өңірлерін жаппай жайлаған кезде Құрманғазы аудандық провизорлық стационарда 13 адамнан құралған ерікті ер-азаматтар тобы кезектесіп, дәрігерлердің ауыр жұмыстарына жәрдемдестік.

Сол кезде барлық санитарлық талаптарды сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, әр палатадағы науқастарға көмектесумен бірге, тілегімізді білдіріп, сауығып кетулеріне сену қажеттігін айттым, жігерлендірдік. Ауа жұта алмай, қиналған жандарды көрген кезде есеңгіреп қалғаным жасырын емес.

Ауруханадағы ауыр ахуалды көзімен көргеннен кейін, туыс-таныс, айналамдағы адамдарға індеттен сақтану қажеттігін айтып, түсіндіре бастадым. Сол уақыттарда көршілес Ресей елінде оқып жүрген және осы ел арқылы өзге де шет елдерде білім алып жатқан еліміздің студенттері орала бастады. Шекарадан өткеннен кейін күнара Атырау қаласына аттанған автобустардағы отандастарымызды бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жасау, жолға шығарып салу маған тапсырылған-ды. Үйіне тезірек жеткісі келіп, уайыммен отырған әр өңірдің және түрлі ұлт өкілдерінің әрқайсысы үшін алаңдап, аман-есен отбасыларына оралуын тіледік. Жеке хабарласқан ата-аналарға мән-жайды түсіндіру, жастарды облыс орталығына жеткізу, әрі қарай үйлеріне дейінгі жолдарын жіті қадағалау маған да, облыстағы әріптестеріме де оңай болған жоқ. Себебі, ата-аналар жағдайды әртүрлі қабылдады. Шетелден келген балаларын ПТР тесттен өткізбестен, шекарадан үйіне алып кеткісі келгендер аз болған жоқ.

Әлем әлі де тыныштала алмай тұр. Белгісіз дерттің беті қайтар емес. Белгілісі, вакцина алу ғана қалқан бола алады. Бұл шешімді әркім өз денсаулығы үшін қабылдайды және бұл ерікті іс-әрекет екендігі заңда анық жазылған.

«Ауырдым, аунап тұрдым» дегендерден бөлек, індетке әлі сенбей жүргендер әлі де арамызда көп. Сондықтан, саулыққа сақтықпен қарайық, қалыпты өмірге оралуға бәріміз қадам жасайық!

 

Ернар Боранғалиев,

аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521