Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Өйткені бұл соғыста өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды.
Бүгінгі жастар сол кездегі жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген мақсатпен білім ошақтарында жыл сайын түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, көз көргендермен кездесулер өткізіледі.
Ауған соғысының қанды қырғынынан аман –есен оралғанымен, жандары жаралы бір қанша ардагер ортамызда жүр. Олардың дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көздері жасқа, жүректері мұңға толған шақтары көп. Сонда да ата-баба рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралды.
Ресми деректерге сүйенсек, 22 269 қаракөз сарбазымыз Ауғанстанда қан кешіпті. Олардың 21-і із-түзсіз жоғалып, мыңға жуығына Ауған жерінен топырақ бұйырған. 1015 азаматымыз елге мүгедек болып оралған. Адамзат үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдердің өзін есеңгіретіп жібереді. 10 жылға жалғасқан Ауған жеріндегі айқас – солардың бірі.
Василий Викторович Григорьев Утера (қазіргі Бірлік) ауылында дүниеге келді. Жастайынан десантшы болуды армандаған. 1983 жылдың қазанында әскерге шақырылады. 1984 жылдың қаңтарынан Ауған жерінде болып, арманы орындалып десантшылар бөлімшесіне түседі.
Түнгі бір операция кезінде десантшылар әуеден түскен бойда жау күтіп алып, атыс басталып кетеді. Деснатшы топ әскери тапсырманы абыроймен орындайды. Бірақ, бірнеше сарбаз, ішінде біздің Василий де бар, жаралы болады. Емделіп, жазылып шыққан ол қайтадан соғыс даласына аттанады. 3 сәуір күні дұшпандарға қарсы іс-қимыл жасауға бет алған автокөлік фугас бомбасынан жарылып кетеді. Ішіндегілердің бәрі қаза табады.
Айнагүл Шакупова