Ауған жерінде от кешкендер

(0 Votes)

Ауған соғысы— КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс.

КОКП және КСРО басшылығы Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісі нәтижесінде билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, “интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен оның ішкі істеріне араласты. Бұл “қырғи қабақ соғыс” кезеңі өткеннен кейінгі уақытта да КСРО-ның өзге елдерді өз ықпалына қарату саясатының айқын көрінісі еді.

Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында. Міне, қан майданда  ерлік көрсеткендердің бірі-Григорьев Василий Викторович. Ол 1965 жылдың 30 шілдесі күні Гурьев облысы Теңіз ауданы Утера селосында дүниеге келген. 1972 жылы Утера орта мектебінің бірінші сыныбына барып 1982 жылы бітірді. Мектеп бітіргеннен кейін, №6 ПТУ-дың телерадиомеханик бөлімінде оқыған. Мектепте оқыған мезгілінде алғашқы әскери дайындығы сабағында взвод командирі болды. Сыныптың көркем үйірмесіне қатысты, мектептің үздік спортшысының бірі болған екен. 18 қазанда 1983 жылы әскер қатарына шақырылады. 1984 жылдың қаңтарынан Ауған жерінде болып, десантшылар бөлімшесіне түседі. 1985 жылдың сәуір айының 3-і күні шеруі кезінде жаяу әскердің жауынгерлік машиналарының бірі үлкен қуатты шахтада жарылады. Көлік ішіндегі сарбаздардың бәрі де қаза табады. Аталмыш апатта Григорьев Василий Викторовичте болып, қаза тапты.

Батыр өзі туған Утеры ауылында жерленген. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Ол оқыған мектепте бұрыш ұйымдастырылған. Бірлік селосының бір көшесі Григорьев Василий есімімен аталады. Ауған соғысында от кешкен батырлардың бірегейі-Шманов Нух Хасиетұлы. Ол 1960 жылы 15 шілдеде Гурьев облысы, Құрманғазы ауданы, Богатый селосында дүниеге келді. 1977 жылы селолық А.Иманов атындағы орта мектепті бітіріп, Гурьев қаласының теміржол стансасында қызмет атқарды. 1987 жылы қарашада КСРО Қарулы күштері қатарына Құрманғазы аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, Омск қаласындағы №7402 танк әскери бөлімінде 6 айлық жаттығуда болған. Содан 3айдай Бийск қаласында Т-55 танк әскери бөлімінде нысанашы қызметінде болып, 1979 жылы шілде-қазан айларында әскери қызметін Түркіменстанның Кушка қаласында жалғастырды. Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында 1979 жылдың 12 қарашасынан 1980 жылдың 19 қараша айына дейін Герат, Шинданд қалаларында 371-ші мотоатқыштар полкінде гвардия сержанты шенінде әскери борышын өтеді.

1980 жылы іскери борышын аяқтап елге оралып,1985 жылы Ақтөбе қаласында теміржол техникумын бітіріп, электрик мамандығын игеріп шықты. 1985-2000 жылдары Атырау теміржол саласында электромеханик қызметін атқарды. Кейіннен «ЭмбаМунай Газ» мекемесінде, «ЭмбаМунайЭнерго» басқармасының электрохимиялық қорғау бөлімінде электр жөндеуші болып еңбек етті. Жанұялы, Батырова Айсұлу екеуінің бір ұл, бір қыз, немере-жиендері бар. «КСРО Қарулы кұштеріне 70 жыл», «Интернационалист-жауынгерге Ауған халқы атынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15, 20жыл», «Гвардия», «Отличник Советской армии» медальдарымен, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған.

Ұлан Иманғалиев,

ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT