Берік Өтемісұлы Құбаев деген жерлесіміз сол сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кетті.
Ол 1960 жылы 8 қарашада Гурьев облысы, Исатай ауданында туған. Мектепті жақсы бітірген бозбаланың арманы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу еді. Жастайынан спортпен айналысып өскен жас өреннің жүрегінен ақау табылып, өзі армандаған оқу орнына қабылданбайды. Берік Өтемісұлы Отан алдындағы борышын өтеуді жан-тәнімен қалайды. Сөйтіп, КСРО Қарулы Күштері қатарына 1979 жылы 14 сәуірде шақырылған кезде патриоттық сезім жетелеген ол аттанып кете барады. Ол 1979 жылдың желтоқсанынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында қатардағы жауынгер болып әскери борышын өтеген. Үй-ішіне сағынышқа толы үшбұрышты хаттар келіп тұрады. Ол хаттарында үнемі өзінің арманы мен мақсаты Отанға қызмет ету, содан соң ата-анасын қуанту екенін жазатын болған. Амал не, тағдыр оның осынау асқақ армандарына жетуге жазбапты. Берік 1980 жылы 27 маусымда Балх уәлаятында хабарсыз кеткен.
Міне, жүздеген, мыңдаған жүректерге жара салған Ауған соғысының аяқталғанына да 35 жыл уақыт өтті. Ананы баласынан, аруды сүйген жарынан, сәбиді әкесінен айырған жиырмасыншы ғасырдың қанды қасабы — Ауған жеріндегі соғыс. Талай тағдырларды талапайға салып, тұтас бір әулетті ұрпақсыз қалдырған Ауған соғысы өрімталдардың өмірін өксіткені анық. Арманы асқақ бозбалалар алдарында қандай сынақ күтіп тұрғанын білген де жоқ. Қандыкөйлек жолдастарымен бірге соғыстың тозағын өз көздерімен көріп, ауыртпалығын арқалаған Ауған жерінен қан кешіп оралған ардагерлердің жадында да ол ешқашан өшпейтіні де анық. Сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған сайын батырларымыздың жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек.
Айнагүл Шакупова