Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Жантасов Амангелді Теміржанұлының «Жартасты жастанған жасақ» кітабы аты аңызға айналған «қара майор» - Керімбаев Борис Төкенұлы басқарған көпшілік «мұсылман батальон» атап кеткен арнайы мақсаттағы әскери бөлім жайлы баяндайды.
Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектелген контингенті құрамындағы сарбаздардың «дұшымандармен» соғысы, жергілікті халықпен қарым-қатынасы, әскери қимылдары кітапта кеңірек көрініс береді. Автор осы бөлімнің 2-ші арнайы мақсаттағы рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Демек, көзбен көріп, иісін сезіп, иықпен көтеріп, арқаға батқан соғыс салмағын қағазға шынайы түсірген. Шығарма желісінен теңеулер табылса да, әскери тәртіп пен соғыстың шындығы еш әсірелеусіз беріледі.
Б.Керімбаевтың батальоны «Пандшжер» шатқалын бір ай ұстап тұруға тапсырма ала тұрып, оны сегіз ай бойы қарсыласына бермейді. Бұл Ауғанстандағы атақты дала командирі Ахмед Шах Масудтың туған жері еді. Сондықтан да оны қарамағына өткізуге тырысып бақты. Басына 5 миллион доллар бәс тігілген Борис онымен кездесуге үш рет жалғыз барады. Осындай көзсіз ерлікке қорықпай барған «қара майордың» әрекетін Масудтың өзі шексіз мойындады. Оның келіссөзіне еріксіз жүгініп отырды. Оқып шықсаңыз біраз мағлұматтарға қанық боласыз.
«Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер» шежіресі де біз үшін құнды дүние. Оны құрастырған автор Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы, филология ғылымдарының кандитаты Айгүл Ермекова Әміржанқызы.
Кітап 12 тараудан тұрады. Бірінші тарауда Ауған соғысына қатысқан атыраулық офицерлермен бірге аты аңызға айналған қазақстандық К.Майданов, Н.Кремениш, Б.Керімбаев сияқты соғыс батырлары және әскери жазушы А.Жантасов, ақын Б.Смағұлдың естеліктері мен өмір деректері берілген. Жинақтың 2-11 тарауларында Атырау облысынан 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің өмірбаяндары мен әскери естеліктері жинақталған.
Кітаптың 12-тарауында Кеңес Үкіметінің арнайы жолдауымен Ауғанстан елінде жұмыс істеген, соғысқа куә болған мұнайшылар жөнінде қысқаша мәліметтер беріліпті. Осы кітаптан жат жердегі бізге беймәлім жайттардан хабардар болып, соғыс өртінен тірі келгендердің естеліктеріне қанығамыз. Өлім құшқанның бәрі бірдей ұрыс кезінде ажал таппайды екен. Тәртіп-талаптан ауытқып өз бетімен кеткен бірен-саран сарбаздар көлденең қазаға ұшыраған оқиға да болыпты. Сыртындағы қабығын түсіргенде жылан да жылтырап өзінше сұлу көрінгенімен, сұстығы мен сұмдығын жоғалтпайтынындай күндіз намаз оқып, бейбіт жүрген ауғандықтардың өзі түнде қаскөйлік жасап жататыны бастапқыда көп кездескен. Ал жай адамға тиіспеу әскер тәртібі. Аталған кітапта алғашқылардың бірі болып 1979 жылы ұрысқа кіріп, ерлікпен қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, жерлесіміз Қадірбек Өмірбаевтың қаруласы татымды естелік берген екен. Енді қаза болған жауынгердің бала күнгі жолдастары естелік-белгі орнатып рухын ризалапты. Қадірбектің сыныптастары да сондай сауапты іс тындырса ғой дейміз.
Есмұхан Жанизин