Ауған қасіреті мәңгі есімізде

(0 Votes)

Ауған соғысы… Қаншама жас жат жерде жанын қиды, із-түзсіз жоғалды?! 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған алапат қазақтың талай шаңырағын шайқалтты. Кеңестік солақай саясаттың интернационалдық борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала елге, туған жеріне оралмады.

Олардың арасында он сегізінде от кешіп, оққа ұшқан Қадірбек Өмірбаев, Бауыржан Бегәлиев, Василий Григорьевтердей, із-түзсіз жоғалған Берік Құбаевтай жас өрендер бар. Биыл Кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. 

Осыған орай аудан орталығындағы Боздақтар обеликісіндегі сұм соғыстың құрбандарына арналған ескерткіш тақтаға азагүл қою рәсімі өтті.

Қаза болған интернационалист жауынгерлерге тағзым ретінде бір минуттық үнсіздік жарияланып, еске алынды. Жиналғандар алдында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков сөз алып, аға буынның басына түскен қанды қырғында анттарына адалдық танытып жанқиярлық ерлік көрсеткендер қашанда ел жадынды болатынын айтып, қоғамдық іс-шараларға, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге белсене атсалысып жүрген арадағы көзі тірі ардагерлерге алғысын білдірді.

Аудандық Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов қандыкөйлек қаруластарын еске алып, рухтарына тағзым етті.

Шағын шарада Ерқанат Бисенов, Жандос Нұриденов сияқты өнерпаздар «Арнайы жасақ», «Ауған елі» атты патриоттық әндерді орындаса, белгілі көркемсөз шебері Болат Бидоллаев «Армысыңдар, ауғандық ардагерлер» өлеңін оқыды. 

 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT