«Ауданымызды әлемге танытқымыз келеді"

(11 Votes)

Бұған дейін Инстграмм әлеуметтік желісінде Құрманғазы ауылының тұрғыны, 15 жасар Нұрали Бектеміровтің Каспий теңізі үстінде коньки тепкен бейнеролигі жарияланған болатын.

Мұны қазір әлем түгел таратып жатыр. Сол бейнероликтегі «Try» әнінің орындаушысы АҚШ әншісі Зак Грей оны өз парақшасына салып қойған. Осының өзі Қазақстанға, ауданымызға мерей ғой. Біз сол бейнероликті түсірген автор, ауылдасымыз Әди Бектеміровті мұз үстінен кездестіріп сөзге тартқан болатынбыз.

– 10 қаңтар күні Инстаграмм желісінен Қапшағай, Алакөл, Балқашта коньки теуіп түскен бейнероликтерді қарап келе жаттым. Жолай су жағасында жүрген інім Нұрәлиді көріп қалдым. Сонда басыма біз де неге сөйтіп Каспийді түсіріп қарамаймыз деген идея келді. Теңіз туралы білетін адамдардан сұрастырғанымда Забурын ауылының тұсы, солтүстік жағы қатады деп естідім. Содан кейін Нұрболат деген ағамнан бізді сонда апаруын өтіндім. Сол күні Нұралиге костюм кигізіп үшеуіміз Забурын ауылына кеттік. Оған мұзға коньки тепкізіп Инстаграммдағы өзімнің аккуантыма салдым. Кешке қарай жүктеп, таңертең тұрсам аталған әлеуметтік желі шулап жатыр. Әлемнің әр жерінен пікірлер жазылыпты. Біз бейнероликке салғанымыз кімнің әні екенін сұрапты. Әннің орындаушысын білетін адамдар әлеуметтік желіде бөліскенде американдық әншіні белгілеп жіберген ғой. Америкалық әнші оны көргеннен кейін менің жеке парақшама шықты. «Өте керемет видео. Мен Қазақстанды бұрын білмейтін едім. Ұят та болса айтайын Бораттың фильмінен көргенмін. Енді жақсы таныдым», деді. Өстіп әлеуметтік желі арқылы елімізді, Каспий теңізін әлемге танытқанымызға қуаныштымыз. Бейнероликті салғаннан кейін жан-жақтан маған телефон соқты. «7 канал», «Еуразия», «Қазақстан-Атырау», «Хабар-24», «Қазақстан» ұлттық арнасы басқалары хабарласып сұхбат беруімізді сұрады.

nurali-na-ldu1

Мен парақшама салғанда Құрманғазы ауданын белгілеп жіберген едім. Себебі біздің ауданымыз киелі жер. Осы топырақта күй қағаны Құрманғазы, Әнұранымыздың авторы Жұмекен, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова дүниеге келген. Сол себепті қайда тұратынымды да көрсеттім. Мұнымен шектеліп қалмай, алға қарай Құрманғазы ауданының көркем табиғатын, Каспий теңізін әлемге танытуды мақсат етіп қойып отырмыз. Жастар болған соң мұны істей аламыз. Ақпарат құралдарынан хабарласқандар Каспийде бейнероликті түсіруге қанша уақыт, қаржы жұмсалғанын сұрайды. Біз оған ешқандай қаржы шығарған жоқпыз. Бұл әуесқой түсірілім. Танымал болуды алдымызға мақсат еткен жоқпыз. Ең біріншіден ата-анамызға, сөзімді жерге тастамай бізді Каспий теңізіне өз көлігімен апарған Нұрболат ағамызға алғысымызды білдіреміз. Ол болмаса бара алмайтын едік. Қолдау көрсетіп жатқан барша қазақстандықтарға ризашылығымыз шексіз. Сейсенбі күні Нұрали екеуімізді «Қазақстан-Атырау» телеарнасына таңғы бағдарламаға қатысуға шақырып қойды. Сол кезде де ауданымыз жайлы айтамыз ғой.

– Американдық әншінің әнін таңдауыңызға не себеп болды?

– Оның музыкасы ұнады. Сол себепті ыңғайлы көрдік. Алайда, Зак Грейдің өзі қарайды, бізге жылы лебізін білдіреді деп кім ойлаған?! Әншінің риза болғаны соншалық Қазақстанға шақырса келемін деп отырған көрінеді. Облыс басшыларына да шығып алғысын айтыпты деп жатыр.  

– Нұралы ініңіз конькиді қалай тебетінін бейнетүсірілімнен көрдік. Спорттың бұл түрімен қашаннан бері таныс?

– Ол коньки тебумен бесінші сыныптан бастап айналысады. Қыс басталып, аяз тұрса Шора өзені бірінші болып қатады. Сол кезде мұзға шығады. Алға қарай спорттың осы түрін таңдаса одан жақсы фигурист шығады деп есептеймін. Коронавирус кезінде де таза ауада осындай істерімізбен көрінсек, елге, әлемге оң ықпал етеміз деп ойлаймын. Қазір әрбір адамда ұялы телефон бар. Туған жеріміздің әдемі көріністерінен фото мен бейнетүсірілім жасап таратсақ ауданымызды, Қазақстанды әлем жаңа бір қырынан таниды.

– Бейнетүсірілімге пайдаланылған дрон өзіңіздікі ме, әлде сатып алдыңыз ба? Оны қолдануды кімнен үйреніп жүрсіз?

– Дронды желтоқсан айында акция өткенде несиеге алдым. Оны қолдануды маған ешкім үйреткен жоқ. Алматы қаласында Қазақстанның табиғатын көрсетіп жүрген Әділет Рахметолла, Антон Газаев деген ағаларымыз бар. Солар түсірген бейнероликтерді қарап өз бетіммен үйрендім. Алдымен оны қолмен басқаруды, түсіруді үйреніп алдым. Содан кейін бейнеролик жасап, монтаждауды меңгердім. Болашақта Балқұдық, Сүйіндік сияқты шалғай ауылдарға барып түсіруге аудан әкімдігі жанынан демеушілік болса деген ұсынысымызды айтамыз. Бізде ол жаққа баруға көлік жоқ. Азғыр өңірінде де Кененбай үңгірі, Ойық, Жұмекен туған Ашақ сияқты танымал жерлер бар ғой.

– Әңгімеңізге рахмет! Алға қарай да биіктерден көріне беріңіздер!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521