Ауданымыздың құрметті азаматы Қ.Ғаббасовтың 70 жасына арналған мәдени шара өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қанат Ғаббасовтың 70 жасына арналған «Халқына қалтқысыз қызмет еткен нар тұлға» атты мәдени шара өтті. 

Шара басталмас бұрын мерейгерге ағасы Саламат Ғаббасовтың, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Өмірзақ Қажымғалиев, Сабыржан Сұлтановтың, Еңбекші ауылдық округі «Қазбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Мұстажапұлының, «Бақауов Өсербек» шаруа қожалығының жетекшісі Өсербек Зәйнеденұлының атынан төрт сәйгүлік мінгізілді. 

Мәдениет үйіндегі шара Самат Саламатовтың сомдауындағы Қанат Айтжанұлының өмірдерегінен көрініс беретін монологпен ашылды. Аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау сөзінде: – Қанат Айтжанұлы ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан, өзінің еңбекқорлығы, азаматтығы мен іскерлігі арқылы әріптестерінің құрметіне бөленген тұлға. Әр кезеңде жауапкершілігі мол қызметтерді абыроймен атқарып, ел мүддесін қара басынан жоғары қойған азамат. Туған жеріміздің  өркендеуі үшін бар күш-жігері мен білімін, біліктілігін аямай жұмыс жасады. Бүгінгі жетпіс жасына үлкен бедел биігінде жетті. Елге сіңірген еңбегіңіздің жемісі бүгінгі жастарға  үлгі болады, – деп ұрпақ қызығына бөленіп,аман жүріңіз деген ізгі тілегін жеткізді.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева: – Сіз жаңа өзіңіздің өмір жолыңызда көрсетілгендей жастай еңбекке араласып ауданымыздың, еліміздің экономикасын дамытуда өзіндік үлкен қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Ең бірінші адамға керегі денсаулық.  Деніңіз сау болып, Зейнеп жеңгеміз екеуіңіз бақытты ғұмыр кешіп, өмірлеріңіз мәнді де сәнді болып, бір жастықта қартайып, бейнетсіз ғұмыр кешулеріңізді тілеймін! , – деп, Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Муса Хайруллиевтің және аудандық мәслихаттың Құттықтау хаттарымен, естелік сыйлығымен ұлықтады. Ұлағатты  ұстаз, Орал қаласынан арнайы келген Ізмұхамбетова Марғуба Салахатдинқызы баянмен «Сыйластық» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Атырау облысының және Құрманғазы ауданының  Құрметті азаматы, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері  Өмірзақ Қажымғалиұлы: – Осы кезге дейін текті тұлға Қанат біреумен кектесті, жаға жыртысты, сөзге келді дегенде естіген жоқпын. Бойындағы  жақсылығын жетілдіріп  сол арқылы адамдарды өзіне тартты. Себебі, адамның бойында жүз пайыз жақсылық та, жамандық та жоқ. Соның ішінде өзгенің бойынан жақсылық теріп алатын әдет сенің бойыңда бар. Үлкенді ағалап, кішіні бағалап тұратын, ізетпен құрмет жасайтын, кімге де ұлтына, жағдайына қарамай қамқор болатын кеңдігінің өзі бөлек әңгіме. Міне, осындай  жақсы қасиетіңмен еліңе елендің. Еліңнің ауыртпалығын  сүйреймін деп иығың қақсады, халқыңның  салмағын арқалаймын деп арқаң жауыр болды. Соған шыдап, елдің ықыласынан нәр алып, осы жасқа жетіп отырсың, – деген ізгі тілегін арнады.

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Құрметі журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы арнау өлеңін оқыды. Жан тебірентер  тілектер легін ел ағалары «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бибоз Шаяхметов, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, академик, «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Сабыржан Сұлтанов, Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты, профессор Қуандық Мәдір, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Ғаббас Хисметтуллин, «Құрмет» орденінің иегері, «ТөбеаралОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлыбек Хамитов, Астана қаласынан келген жеке кәсіпкер Рысбек Темірбай, «Парасат»  орденінің иегері Елемес Абдошев, Құрманғазы ауданының және Атырау облысының Құрметті азаматы Маннап Меңдіғалиев, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Өмірзақ Зинуллин  жалғады. 

Шара барысында аудан өнерпаздары Ерболат Хайруллаев, Гүлзада Жұмалиева, Қайрат Сайфуллин, Заря Қуанышқызы, «Ерен еңбегі үшін», Қырғызстан Республикасының «Сахна жұлдызы», «Жыл адамы» медальдарының иегері, дәстүрлі әнші-сазгер Күләш Қуанышқалиева  әсем әндер орындады.

Мерейтой иесі Қанат Айтжанұлы:  – Аудан әкімдігінде  мәдениет саласын, жалпы бөлімді, ішкі саясат бөлімін басқардым. Отыз жылдың үстінде мемлекеттік қызметте жүрген екенмін. Кешеден бері аудан әкімі, аудандық мәслихат, бірге жұмыстас болған азаматтар құрмет көрсетіп жатырсыздар. Жұмыс жасаған жалғыз мен емеспін, бірақ сол азды-көпті еңбегімді бағалап, халықтың алдына шығарғандарыңызға үлкен ризамын. Бізді өмірге әкеліп, осындай дәрежеге жеткізген анамыз. Әкемізден біреуіміз 11-де, екіншіміз 9 жаста, кішіміз одан да аз жаста қалдық. Сол анамыздың арқасында ешкімнен кем болмай, жыртық киім кимей, қарнымыз тоқ болып өстік. Сондықтан ол кісіге борыштымын деп есептеймін. Одан кейін ат жалын ұстап жұмыс жасадық. Ешкім бізді демеп, жоғарыға көтерген жоқ. Бәріне өзіміздің тірлігімізбен, халқымызбен біте қайнасқан бірлігімізбен жеттік. Екі ұлым, бір қызым бар, өрісім кеңіді. Осының бәрі өмірдің қызығы. Өмірдің ащысы мен тұщысына мойымау керек. «Мен жетіммін, тірегім жоқ», деген ой адамды әлсіретеді.  «Бәрі қолымнан келеді», деген сеніммен еңбек етсеңіздер армандарыңыз орындалады. Еңбекші ауылдық округіне үш рет әкім болдым, халқым сұрады. Халық  мені өзінің туысындай, бауырындай көріп зейнеткерлікке шығарып салды. Ол кезде Еңбекші ауылдық округі барлық жағынан  аудан бойынша бірінші қатарда тұрды. Сол тізгіннен айырылмаңдар азаматтар, – деп аудан әкімдігі бастаған шараны ұйымдастырушыларға, арнайы келген қонақтарына ризашылығын білдірді.  

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT