Ауданымызда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобалары аясында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Құрманғазы аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы» атты облыстық форум өтті.
Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Баян Ахатай, Атырау облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» комуналды мемлекеттік мекемесінің басшысы Ляззат Жылқышиева, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының хатшысы Замзагүл Жалмурзина, «Esbol» республикалық корпоративтік қорының төрағасы Жандос Ақтаев, Батыс Қазақстан облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Айгүл Мұрзахметова, облыстық қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, Қызылқоға, Мақат, Жылыой, Индер, Исатай және Құрманғазы ауданының 16 ауылдық округтеріндегі аналар кеңестерінің төрайымдары, көп балалы аналар, әкелер кеңестерінің төрағалары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдаров, аудандық аналар кенесінің төрайымы Балғаным Хасенова, облыстық мәслихаттың депутаты Зәмзәгүл Карсакова қарсылаған форумға қатысушылар алдымен Абай атындағы орта мектепке ат басын бұрып, «Жас аналар клубтарының жұмыстары» көрмесін тамашалады. Мұнда қойылған қолөнер бұйымдарына жан-жақтан келген қатысушылар қызығушылық танытып, біраз жүріп қалды.
Одан кейін мектептің «Зорлықсыз қоғам – сәулелі болашақ кепілі» туралы Жас аналар кеңесінің «Қауіпсіздік сағатына» шақырылды. Білім ұясының директоры Жамал Хасанова қош келдіңін айтып, форумға сәттілік тіледі. Шараны мектептің педагог-психологы Гүлмира Үмбетова жүргізді. Соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Баян Ахатай сөйлеп, «Қауіпсіздік сағаты» жобасы Астана қаласынан бастау алғанын, республикалық деңгейге шығарылғанын, Президент аппаратының бақылауында тұрғанына тоқталды. «Салауатты сананың» ішіне енгізгендерін, мектептің креативті шығармашылығының арқасында оның басқаша жаңа форматын көріп отырғанын ризашылықпен айтты. Осылай ұйымдастыру өтімді болатынын, жақсы дүние екенін басқа жерлерге барғанда айта жүретінін жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ