Жазушы, драматург, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Оралхан Бөкей – мұз жарғыш кемедей әдебиетімізге жаңа леп әкелген, тыңнан түрен салған жазушы.
Ол өз ортасының шындығын, туып-өскен жерінің тамаша суретін, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін шоқтығы биік шығармаларына арқау етті. Оның мәңгі жасайтын мол мұрасын насихаттау мақсатында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өтті.
Бес талапкер жазушының прозалық, драмалық шығармаларынан үзінді, өз қалаулары бойынша мәнерлеп өлең оқудан тұратын сайыстың үш бөлімі бойынша бақ сынады. Әділ қазылар алқасы үміткерлердің өнерін көркем мәтінді таңдау талғамына, оқу шеберлігіне, дауыс мәнері, тіл тазалығына, сахна мәдениетіне, сахналық киіміне баса назар аударып, бағалады.
Нәтижесінде Ақерке Ибатуллаева (М.Әуезов ЖОМ), Диляра Сдихова (Жаңаталап а/о) Алғыс хат еншілесе, Айзада Мунбаева (Мақаш а/о) III орынға, Аружан Сүлеймен (Бөкейхан а/о) II орынға, Ералы Ұзақбай (Сафон а/о) I орынға ие болды. Жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен ұлығыланды.
Еркеназ Қалижан