Аудандық Оқушылар үйінің базасында «Қосымша білім беру ұйымдарындағы жас педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттырудағы әдістемелік жұмыстың маңызы» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Мақсаты – қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларға қосымша білім беруде жас педагогтардың шығармашылығын арттыру, кәсіби дамуы мен педагогикалық-әдістемелік іс-тәжірибелерін кеңейту. Семинар жұмысына Атырау облыстық Білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмира Каршагина, аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Тілекші Медеуғалиева, «Құрманғазы аудандық оқушылар үйі», «Құрманғазы аудандық жас туристер бекеті», «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы», «Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі», «Дәулеткерей атындағы балалар саз мектебі» КММ-ы қатысты. Шараны аудандық Оқушылар үйінің директоры Мейрамгүл Шекетасова жүргізді.
Аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Тілекші Медеуғалиева қош келдіңін айтып : – Бүгін сіздермен бірге облыстық семинар өткізгелі отырмыз. Мұның жас педагогтерді тәрбиелеуде маңызы зор. Қосымша білім беру уақыт талабы. Олар осындай шаралардан көп нәрсе үйренеді. Барлық қатысушыларға бүгінгі күндеріңізге сәттілік тілей отырып, ауылдарыңызға жақсы көңіл-күймен оралуларыңызға тілектеспін, – деп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Атырау облыстық Білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмира Каршагина: – Жаңа айтып кеткендей жас маман, оның ішінде қосымша білім берудің жас маманы болашақта қосымша білім беру мекемелерінің жұмысын алға жалғастыратын педагогтар. Атырау қаласында ашылғаннан бері өткізгелі жатырған ең бірінші семинарымыз. 2024 жылы қосымша білім беру орталығы бөлек орталық болып ашылды. Алға қарай экспримент ретінде мектеп ашамыз, қосымша білім беру ұйымдарына қандай жұмыстар жүктеліп, қандай зерттеу жасалуы керек соның бәрін қолға алып, оларды қолдайтын боламыз. Сіздерді бір кісідей бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын, – деді.
Семинар «Әдістемелік калейдоскоп», «Тәжірибе алаңы» сияқты бөлімдерден тұрды. Онда «Құрманғазы аудандық оқушылар үйі, «Құрманғазы аудандық жас туристер бекеті», «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы», «Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі», «Дәулеткерей атындағы балалар саз мектебі» КММ-ы сахналық іс-әрекет, видео құру, робототехникамен жұмыс, туризм, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, үстел теннисінің ойын техникасы, авторлық бағдарлама, стильдеу, полифониялық шығармамен жұмыс, домбыра аспабын үйрету, дәстүрлі ән бағытындағы жұмыстарын ортаға салып, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Қызылқоға, Индер, Жылыой ауданының қосымша білім беру ұйымдары жүннен жұмсақ ойыншықтар жасау, туристік өлкетану, ансамбльде жасанды интеллктіні қолдану сияқты жұмыстарын көрсетті. «Тәжірибе алаңы» атты үшінші бөлімде көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, мастер класс өтті.
Оқушылар сурет салды. Соңында Атырау облыстық Білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының қосымша білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмира Каршагина шараны қорытындылап, семинар жұмысы өз дәрежесінде өткенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, бір топ ұстаздарға марапаттар табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ